ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН ҚЫЗЫЛ ТІЛ
«Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең, өзің біл» деп жырлаған ғой біздің бабаларымыз. Шынында да, көркемсөзбен бәрін жеткізуге болады. Мұңыңды да, сырыңды да, жырыңды да, қуанышың мен қайғыңды да...
Иә, Нұрасыл! Сан алуан шығармалармен танысқанда, қазақ әдебиетінің бай мұрасына қайран қаламын. Дегенмен «толғауы тоқсан қызыл тіл» деген оралым ойыма келсе, мұң мен қайғыны сезетіндей жаным жабырқап кетеді.
Дұрыс айтасың, Ләйлә! «Жырлар жылға көшеді, Ұрпақ алға өседі» деген. «Толғауы тоқсан қызыл тіл» деген ұғымның өзінде мұңды да, күйінішті де жеткізе алмаған жеріне тіл жеткізеді деп тұрған жоқ па? Мысалы, тіл туралы қандай мақал-мәтелдерді білесің?
«Тіземнен сүріндірсең, сүріндір, Тілімнен сүріндірме», «Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой», «Өнер алды – қызыл тіл». Тіл туралы кейбір деректерді еске алсаң, зарлап өткен зарзаман ақындары-ай дейсің еріксіз...
«Зарзаман ақындары» – қазақ әдебиетіне ғалым, жазушы Мұхтар Әуезов атамыз енгізген ұғым. Олар – зарзаман кезеңінде ғұмыр кешіп, отарлық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң-зармен жырлаған ақындар шоғыры. 5-сыныпта осы зарзаман ақындарының бірі Дулат Бабатайұлы атамыздың шығармаларымен танысқан едік. Зарзаман ақындары шоғырының өкілдері ретінде Дулаттан басқа Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы т.б. ақындарды атай аламыз.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов зарзаман ақындары дәуірін Абылай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға жалғастырады. Зарзаман ақындары дәуірінде қазақ қоғамындағы сол кезге дейін қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа сипатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі орын алды. Зарзаман ақындары халқының жай-күйін ойлаған ел қайраткерлері болды. Олардың шығармалары халықтық салт-дәстүрлерді қаймағы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттық болмыс-бітімнен ажырамауға шақырады.
Олардың шығармаларында Ресей империясы отаршыларының озбырлығы мен сұрқия саясаты суреттеледі. Бодандықтың бұғауына бас игісі келмегендердің қайғы-мұңға берілуінің сарыны бар. Осы зарзаман өкілдерінің бірі Шортанбай Қанайұлы шығармашылығымен таныспай тұрып, төмендегі тапсырмаларды орындайық.
1. Зарзаман ақындары кімдер?
2. Зарзаман ақындарының шығармалары туралы не ойлайсыңдар?
Ақын жыры |
Зарзаман ақынының жыры |
|
|
|
|
|
|
1. «Зарзаман» ұғымын енгізген ғалымның өздерің білетін шығармаларына шолу жасаңдар.
2. Зарзаман ақындары шығармаларының идеясы неде?
Өзіңді-өзің бағала
