Параграф 3.2 (Қазақ әдебиеті. 7-сынып)

ШОРТАНБАЙ ҚАНАЙҰЛЫ

ШОРТАНБАЙ ҚАНАЙҰЛЫ (1808–1881)

Шортанбай Қанайұлы – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алатын, өзіндік сөз өрнегі бар ақын. Туған елінің тағдырын болжап, халқының басына түскен ауыртпалықты көкірегі қарс айырыла жырлаған өз дәуірінің тамаша жырауы. Сол кездегі қоғамдық қайшылықтардың бетпердесін ашып, оған қарсы саяси күрес жүргізе де білген қайраткер.

Жастайынан мұсылманша оқып, замандастары қатарлы білім алған. Бұрыннан қазақ халқының қасиетті астанасы саналған Түркістан қаласы, оның сол тұстағы алты алашқа танымал даңқы жас ақынға әсерін тигізбей қойған жоқ.

Білім мен өнерді серік еткен Шортанбай сол кездегі өзі өскен Түркістанмен қатар, Бұхар, Самарқан шаһарлары мәдениетімен де танысып, мұсылманшылық оқуындағы ишандық1 дәрежеге дейін қол жеткізген. Ол өз заманының жалынды ақыны, ақылгөй шешен жырауы болды. Шортанбай ақындығының дәуірлеген тұсы қазақ елі дағдарысқа душар болған аса ауыр кезеңнің бірі еді. Шортанбай шығармаларының басты идеясы – ел тұрмысы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, қоныс қысымы т.б. Біз Шортанбай Қанайұлының «Зарзаман» атты шығармасымен танысайық.

Анафора – өлеңнің әр жолы (тармағы) немесе  әрбір ой ағымы бірдей сөзден қайталанып басталуы. Мысалы:

Азулыға бар заман,
​                  Азусызға тар заман.

Эпифора – өлеңнің әр жолы (тармағы) немесе ой ағымы соңындағы сөздің қайталанып аяқталуы. Мысалы:

Алуан-алуан жан шықты,
                ​Қайыры жоқ бай шықты.