Параграф 2.3 (Қазақ әдебиеті. 7-сынып)

ОРХОН-ЕНИСЕЙ ЕСКЕРТКІШТЕРІ. «КҮЛТЕГІН» ЖЫРЫ

Орхон-Енисей ескерткіштері. «Күлтегін» жыры

«Күлтегін» жыры – әдеби жәдігерлеріміздің ең көнесі. Біздің арғы ата-бабаларымыз көк түріктерден жеткен жырларды көне десек те, шығарманың жанрлық ерекшеліктеріне байланысты көптеген зерттеулер бар.

Дұрыс айтасың, Нұрасыл! Сақтар мен ғұндардан кейін тарих сахнасына шығып, бүкіл дүниені дүр сілкіндірген халық – ежелгі түркілер.

Олар батысында Византия елімен, оңтүстік-батысында парсымен, оңтүстігінде Үндістанмен, ал шығысында Қытаймен шектесетін орасан үлкен мемлекет құрды.

Ежелгі римдіктер өз шежіресін Римнің негізі қаланған күннен бастайды. Арабтар болса, Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдинаға көшкен жылынан бастап есептейді. Ал француздар өз тарихын ұлы Карлдың империяны бөлген жылынан, яғни 843 жылдан бастайды.

Ал ежелгі түркілер үшін мұндай уақыт 552 жыл болды. Иә, дәл осы жылы Ұлы Түрік қағанаты құрылған еді. Сөйтіп, түркілер өздерінің тұңғыш мемлекетін құрды. Тек құдіретті Күнге, Көк аспанға ғана табынып, тағзым ететін көк түріктер сол күннен бастап-ақ аспан түстес көк байрағын желбіретіп, алғаш рет өздерін ресми түрде бүкіл әлемге танытты.

Ұлы Түрік қағанатының шежіресі қағазға емес, құлпытастарға қашалып жазылған. Оны жазған Түрік қағанатының бектерінің бірі, өз дәуірінің кемеңгер ойшылы, шешендік сөздің жүйрігі, ұлы ақын Йолығ тегін еді.

Бүкіл түркі елін егемендік пен азаттыққа, ерлік пен бірлікке үндейтін бұл дастандардың әрбір әрпі мәңгі өшпестей етіліп, үлкен-үлкен құлпытастарға қашалып жазылған.

Ұлы Түрік қағанатын ешбір жау әскер күшімен жеңе алмағаны тарихта жазылған. Алайда жұдырықтай жұмылып отырған түрік елінің ішіне жау жағы ғасырлар бойы іріткі салып келді. Мұны істеген табғаш елі еді. Ақыры Түрік қағанаты екіге бөлініп, бірі – Шығыс Түрік қағанаты, ал екіншісі Батыс Түрік қағанаты деп аталып кетті.

Енисей өзені аңғарынан құпия жазуы бар құлпытастар (ескерткіштер) табылғаны туралы алғашқы хабарды Н.К. Видзен, С.У. Ремезов, сондай-ақ Сібірде айдауда жүрген швед офицері Ф.Т. Страленберг пен немістің белгілі ғалымы Д.Г. Мессершмидт т.б. бергенін ХVІІІ ғасырдың бас кезінде жазған мақалалары мен хаттарынан білеміз.

Скандинавия халықтарының тілінде «рунь», яғни «руна» деген сөз қазақша аударғанда «сыры ашылмаған», «құпия» деген мағына береді. Ф.Т. Страленберг өзі тапқан құлпытастардағы бұрын-соңды тарихта белгісіз болып келген, ешкім түсінбейтін құпия жазуды өз елінің тілінде руна жазуы деп атаған еді.

Орыс География қоғамының Шығыс Сібір бөлімі 1889 жылы Моңғолияға арнайы экспедиция ұйымдастырды. Оны белгілі орыс саяхатшысы әрі ғалымы Н. М. Ядринцев басқарып, Орхон өзені аңғарынан «құпия» жазуы бар үлкен-үлкен екі ескерткішті тапты. Осы құлпытастардағы белгісіз жазулардың сырын ашу үшін В. В. Радлов 1891 жылы сонда барып, бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Алайда руна жазуының құпиясы көпке дейін ашылмай-ақ қойды. Ескерткіштердегі жазуды ешкім оқи алмады.

1893 жылы 25 қарашада Дания корольдігі Ғылым академиясының мәжілісінде Вильгельм Томсен ғылыми әлемді дүр сілкіндірген мәлімдеме жасады. Бұл ескерткіштер түркі халықтарының тілінде жазылғанын дәлелдеді. Ғалымның ең алдымен оқыған сөздері «тәңірі» және «түрік» деген сөздер екен.

Бұл ескерткіштер Шығыс Түрік қағанатының он жетінші қағаны Білге қаған (алғашқы аты Могилянь) мен қағанның інісі, даңқты әскери қолбасшы Күлтегін қабірлеріне қойылған орасан үлкен құлпытастарға қашалып жазылған ұзақ жыр болатын. 

Руна жазуындағы ең үлкен ескерткіштер Орхон мен Енисей өзендері алқабынан табылған. Осыған орай руна жазуының өзін бертін келе «Орхон-Енисей жазуы» деп атап кетті. Бұл жазуды көне түркі жазуы деп те атайды.

Бұл – Білге қаған (хан), Күлтегін (әскербасы), Тоныкөк (ақылшы, кеңесші) сияқты атақты, беделді азаматтарына арнап тұрғызылған құлпытастағы жазуларды түркілер «бітіг тас», яғни «жазба тас» деп атаған. «Күлтегін жырын» шығарып, жаздырған Йолығ тегін болып есептеледі.

Ескерткіштің мәтінін Ғұбайдолла Айдаров, Мырзатай Жолдасбеков, Қаржаубай Сартқожаұлы т.б. ғалымдар зерттеп, аудармасын жасады.

Бүгін біз осы «Күлтегін» шығармасындағы бірінші жырмен танысатын боламыз.

Жыр жолдарында аллитерация, ассонанстар өте жиі кездеседі. Бұлар жырдың көркемдік сипатын арттыра түседі.

Олай болса, көк түріктер еліндегі көне жыр «Күлтегінді» мұқият оқып, көне сөздермен де таныс болайық, достар!

Ассонанс (французша assonance, латынша assono – үйлесім) – өлең жолдарының дауысты дыбыстардан басталып, үндесе қайталануы.

Мысалы, «Қыз Жібек» жырындағы:

Ақжайыққа жөнеген.
​Айдың өткен нешесі,
​Ай қараңғы кешесі,
​Падишадан кем емес,
​Ер Төлеген келбеті.

Аллитерация – өлең жолдарының бірыңғай дауыссыз дыбыстардан басталып, үндесе қайталануы. Мысалы, «Күлтегін» жырындағы:

...Теңізге сәл жетпедім.
​Түстікте – Тоғыз Ерсенге дейін жауладым,
​Тибетке сәл жетпедім, Батыста – Інжу өзенін кеше
​Темір қақпаға дейін жауладым.
​Терістікте – Байырқы жеріне дейін жауладым...

Бірінші жыр

1. Тәңірідей, тәңіріден жаралған
Түрік Білге1 қаған2
Бұл шақта отырдым.
Сөзімді түгел естіңдер:
Бүкіл жеткіншегім, ұланым,
Біріккен әулетім, халқым,
Оңымда шад3, апа, бектер,
Солымда – тархан, бұйрық бектер,
Отыз.

2. Тоғыз оғыз бектері,
халқы,
Бұл сөзімді мұқият тыңда,
Терең ұқ.
Ілгері – күн шығысында,
Оң жақта – күн ортасында,4
Кейін – күн батысында, Сол жақта –
түн ортасында5
Осының ішіндегі халықтың бәрі
Маған қарайды, халықты.

3. Осынша көп еттім. Егер қазір
баяғы кексіз түрік қағаны Өтүкен6
қойнауында отырса, (онда) елде
мұң жоқ.

4. Ілгері – Шаңтүң жазыққа дейін
жауладым,
Теңізге сәл жетпедім.
Түстікте – Тоғыз Ерсенге дейін
жауладым,
Тибетке сәл жетпедім, Батыста –
Інжу7 өзенін кеше
Темір қақпаға дейін жауладым.
Терістікте – Байырқы жеріне дейін
жауладым…

5. Алтынды, күмісті, дақылды,
жібекті соншама шексіз беріп
жатқан табғаш халқының сөзі тәтті,
бұйымы асыл еді.
(Олар) тәтті сөз, асыл қазынасын
беріп, жырақтағы халықты (өзіне)
сонша жақындатар еді. ...

6. Ақылды кісілерді, батыл кісілерді
табғаштар қозғай алған жоқ.
(Егер) бір кісі алданса,
(онда) руы, халқы тұқымына дейін
қалмас еді.
Тәтті сөз, асыл дүниесіне
көп алданып,
Түркі халқы, қырылдың,
Түркі халқы, жойылдың,
Түстікте Шұғай қойнауы түгіл,
Түн жазығына қоныстансақ
десуші ең.
Түркі халқы, жойылдың.

7. Соның үшін алдандың,
Қағаныңның тілін алмадың,
Жер-жерге бардың,
Әбден алқындың, арылдың.
Сонда қалғандар жер-
жерге қаңғып
өлімші босқын (боп еді).
Тәңірі жарылқағандықтан,
Өзімнің бақытым бар
болғандықтан,
Қаған отырдым.
Қаған болып.

8. Жоқ, кедей халықты көп көтердім,
Кедей халықты бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым.
Осы сөзімде өтірік бар ма?
Түркі бектері, халқы, бұны
тыңдаңдар!
Түркі халқын жиып,
Ел болғандарыңды мұнда бастым.
Жаңылып, кешкендеріңді де мұнда
бастым.

9. ...Мен мәңгі тас...
Табғаш қағаннан бәдізші8
алдырдым, жазу жазғыздым,
Менің сөзімді бұзбады.

10. (Бұрын) бұл аялдама болса,
Қазірде аялдама жер болса,
Сол аялдама жерге
Мәңгі тас қалаттым,
жаздырдым.
Бұған қарап, мынаны біліңдер –
Ол тас... тым9
Бұл жазуды жаздырғанның
аты – Йолығ тегін.

Аударған: Мырзатай Жолдасбеков

1 Түрік Білге – кісі аты. «Ақылды, данышпан, кемеңгер» деген ұғымды білдіреді. 

2 қаған – хан деген сөз 

3 шад – ақсүйектерге, әскербасыларына берілетін атақ 

4 күн ортасында – оңтүстік 

5 түн ортасында – солтүстік. С.Е. Малов бұны орыс тіліне чернь (лес, горы) деп аударған.

6 Өтүкен – Алтай тауының ежелгі атауы 

7 Інжу – Сырдария өзені

8 бәдізші – тасқа қашап өрнек салатын бедерші 

9 Тастағы өшіп қалған сөздің орнына көп нүкте қойып отырмыз. Өшкен сөздің мағынасын ажыратуға болады.

3-тапсырма. Берілген үзіндідегі сөзі тәтті, бұйымы асыл тіркестерін түсіндіріп, қандай көріктеу құралына жататынын айтыңдар.

Алтынды, күмісті, дақылды,
​жібекті соншама шексіз беріп
​жатқан табғаш халқының сөзі тәтті,
​бұйымы асыл еді.

Кедей халық → бай халық, аз халық → көп халық деген тіркестердің мағынасын ашып, ойларыңды жыр жолдарымен дәлелдеп жазыңдар.

5-тапсырма

Жырдағы «Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді...» деген жолдарды оқып, табғаш халқы туралы ойларыңды айтыңдар.

6-тапсырма

Топта жырдың композициялық жүйесін талқылап түсіндіріңдер.

 7-тапсырма. 

Жоғарыда көрсетілген жыр жолдары мен хрестоматияда берілген «Күлтегін» жырынан аллитерация мен ассонанстарды тауып, дәптерлеріңе жазыңдар.

8-тапсырма. 

Шығарма түйінін пайдалана отырып, өздеріңнің не туралы жоспарлайтындарыңды жазыңдар. «... Бұл жазуды жаздырғанның аты – Йолығ тегін...» – «...Бұл жазуды жаздырғанның аты – Нұрасыл» (әр оқушы өз есімін жазады).

Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді... (Олар) тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты (өзіне) сонша жақындатар еді. ... Ақылды кісілерді, батыл кісілерді табғаштар қозғай алған жоқ. (Егер) бір кісі алданса, (онда) руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді. Тәтті сөз, асыл дүниесіне көп алданып, Түркі халқы, қырылдың, Түркі халқы, жойылдың, Түстікте Шұғай қойнауы түгіл, Түн жазығына қоныстансақ десуші ең. Түркі халқы, жойылдың.

Мәтінді тыңдаңдар. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындаңдар.

1-мәтін. Уақыт мөлшері: 10 минут.

1. Мәтіндегі Бумын, Істемі қағандардың мемлекет құру жолындағы еңбегін ашып көрсететін жыр жолдарын көрсетіп жазыңдар.

2. «Көк тәңірі» сөзіне сызба құрастырыңдар.

1-мәтін

2-мәтін. Уақыт мөлшері: 10 минут.

1. Осы оқиғаның соңын жазыңдар. Не жайында айтылады? «Білместігі үшін, Бізге жауыздығы үшін қағаны өлді...»

2. «Ақылды кісілерді, батыл кісілерді табғаштар қозғай алған жоқ» деген жыр жолдарында не жайында айтылады?

3. Тыңдаған шығарма үзіндісін дәптерлеріңе қара сөзбен жазыңдар.

2-мәтін

Жыр  (көне түркі тілінде – иыр) – бірнеше оқиға тізбектелген жыр жолдары, поэзиялық шығармалардың жалпы атауы.

Жыршы  – жырды орындаушы, жырды айтушы, таратушы.

Жырау  – өз жанынан жыр шығарып айтатын, сонымен қатар эпостар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі.

Толғау  – дидактикалық сарынды, белгілі оқиғаны немесе оқиғаларды баяндайтын поэзиялық үлгідегі бір мақаммен немесе белгілі бір (қобыз, домбыра т.б.) музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен орындалатын жанр.

Қосымша тапсырмалар. 1-сабақ 

Сенің меңгеретінің:

- жыр сюжеттерінің құрамдас бөлшектерін талдайсың.

Ең ежелгі әдеби жәдігерлердің бірін жазған көне заман ақыны кім еді?

  • Иолығтегін
  • тархандар
  • бектер

Ұлы түркі қағанаты қай жылы құрылды?

  • 545 жылы
  • 785 жылы
  • 1893 жылы

«Күлтегін» ескерткішіндегі таңбалы жазуларды не себепті «руна» жазуы деп атаған?

  • тасқа жазылғандықтан
  • руна тілінде жазылған
  • «сыры ашылмаған», «құпия» деген мағынада

Вильгельм Томсен алғаш рет қандай сөзді оқыды?

  • «Күлтегін» деген сөзді оқыды.
  • «Тәңірі», «түрік» деген сөздерді оқыды.
  • Иолығтегін деген сөзді оқыды.

«Күлтегін» ескерткіші табылған Орхон және Енесей өзендері қазір қай елдің мекенінде?

  • Моңғолия
  • Қазақстан
  • Қытай

Тәтті сөз, асыл дүниесіне

көп алданып

Түркі халқы, қырылдың,

Түркі халқы, жойылдың,

Түстікте Шұғай қойнауы түгіл,

Түн жазығына қоныстансақ

десуші ең.

Түркі халқы, жойылдың.

  • Аллитерация: 

 2-сабақ

Сенің меңгеретінің:

- шығармадағы көркемдегіш құралдардың (символ, синекдоха, қайталау түрлері: эпифора, анафора, аллитерация, ассонанс, риторикалық сұрақ) қолданысын талдауды үйренесің;

- шығарманы ұлттық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазасың.

Тәңірідей, тәңіріден жаралған
Түрік Білге қаған
Бұл шақта отырдым.
Сөзімді түгел естіңдер:
Бүкіл жеткіншегім, ұланым,
Біріккен әулетім, халқым,
Оңымда шад , апа, бектер,
Солымда – тархан, бұйрық бектер,
Отыз.
Алтынды, күмісті, дақылды,
жібекті соншама шексіз беріп
жатқан табғаш халқының сөзі тәтті,
бұйымы асыл еді.
(Олар) тәтті сөз, асыл қазынасын
беріп, жырақтағы халықты (өзіне)
сонша жақындатар еді. ...

Теңеу

Эпитет

Ауыспалы мағыналы сөз

Тәңірідей

тәтті

тәңіріден жаралған

асыл

тәтті сөз

Жоқ, кедей халықты көп көтердім,
Кедей халықты бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым.
Осы сөзімде өтірік бар ма?
Түркі бектері, халқы, бұны
тыңдаңдар!
Түркі халқын жиып,
Ел болғандарыңды мұнда бастым.
Жаңылып, кешкендеріңді де мұнда
бастым.
...Мен мәңгі тас...
Табғаш қағаннан бәдізші
алдырдым, жазу жазғыздым,
Менің сөзімді бұзбады.
(Бұрын) бұл аялдама болса,
Қазірде аялдама жер болса,
Сол аялдама жерге
Мәңгі тас қалаттым,
жаздырдым.
Бұған қарап, мынаны біліңдер –
Ол тас... тым
Бұл жазуды жаздырғанның
аты – Иоллығтегін.

Өзіңді-өзің бағала

«Қызыл-сары-жасыл» әдісімен өзіңді-өзің бағала.

Қызыл: Мен түсінбедім.

Сары: Мен біраз түсіндім, бірақ әлі сұрақтарым бар.

Жасыл: Мен бәрін түсіндім және тапсырманы орындай аламын.