Төлен Әбдіков
Төлен Әбдіков 1942 жылдың 4 қыркүйегінде Қостанай облысы Жангелдин ауданының Еңбек ауылында туған. Жазушының шығармалары 1964 жылдан жариялана бастады. Алғашқы «Көкжиек» жинағы 1969 жылы, одан кейін «Күзгі жапырақ» 1971 жылы жарық көрді. 1974 жылы «Ақиқат», 1979 жылы «Айтылмаған ақиқат» әңгімелер мен повестер жинағы басылып шықты. 1985 жылы «Өліара», «Біз үшеу едік» пьесасы республикалық театр сахналарында қойылды. Грек аңыздары «Эллада ерлерін» қазақ тіліне аударған. Бірнеше шығармалары шетел тілдеріне аударылған. 1987 жылы «Ақшоқыда қыс қатты» және 2002 жылы «Парасат майданы» повесін жазған. Халықаралық Ф. Кафка атындағы сыйлығының лауреаты (2003), Еуропалық алтын медальдің (2003), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері (2004), Халық жазушысы (2024).

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі шығармалардың көбі қала мен ауыл, әке мен бала тақырыбында жазылған. Себебі, бүгінгі күні өзекті болып отырған мәселелердің көбі осы әлеуметтік жағдайларға байланысты. Ауыл мен қала, әке мен бала арасындағы күрделі де нәзік астарлы сезімдер кейіпкер мен жазушының ішкі тартысымен астасып, өмір шындығын көрсетеді.
Жаңашыл бағытта проза жазып жүрген жазушы Төлен Әбдіктің көптеген шығармаларында әлеуметтік, тұрмыстық, психологиялық мәселелер терең бейнеленеді. Реалистік әдіспен жазылған Төлен Әбдік прозасының ерекшелігі – адам жанының ішкі қалтарыстарын көркем дәлдікпен беруі.
Жазушы Төлен Әбдіктің өмірі мен шығармашылығына қатысты шағын баяндама дайындаңдар. Баяндамада жазушының әңгімелері туралы зерттеушілердің ғылыми ой-тұжырымдарын пайдаланыңдар.
Төлен Әбдіктің «Қонақтар» әңгімесінің толық нұсқасын хрестоматиядан оқыңдар.
Өзіңді-өзің бағала
«Қызыл-сары-жасыл» әдісімен өзіңді-өзің бағала.
Қызыл: Мен түсінбедім.
Сары: Мен біраз түсіндім, бірақ әлі сұрақтарым бар.
Жасыл: Мен бәрін түсіндім және тапсырманы орындай аламын.