Темірхан Медетбек
Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Түркістан облысы Түркістан ауданының Амангелді ауылында дүниеге келген. Ақын орта мектепті бітірген соң, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетте оқыған. Ақын қазақ поэзиясын өршіл рухты жаңашыл туындыларымен байытты. «Көк түріктер сарыны» атты жинағында (2002) замана зары мен бүгінгі күн мәселелері ежелгі түркі жырлары үлгісінде айтылған. Оның «Махамбет рухының монологі» дастаны, «Күлтегін», «Тоныкөк» аудармалары – ұлттық бояуы қанық, күрескер, қайсар әрі мұңшыл романтикалық болмысты толықтай танытқан поэтикалық қуатты шығармалар. Ол украин, өзбек тілдерінен В. Гужва, Е. Вахидов өлеңдерін аударды. Т. Медетбекке «Тағдырлы жылдар жырлары» жинағы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді (2000).

Қазақстанның тәуелсіздік алуы қазақ әдебиеті тарихының жаңа бір белесінің туып, дамуына себеп болды. Ел егемендігін қазақ ақын-жазушылары жарыса жырлап жатты. Кең құлашты прозаға қарағанда сезім мен ішкі көңіл күйге құрылатын поэзия ел тәуелсіздігін асқақтата жырлады. Тәуелсіздік туралы өлең де, жыр да, ән де туды. Сұрақтарға жауап беріңдер.
Қазіргі қазақ әдебиетінің ірі өкілі – ақын Темірхан Медетбек. Ол ел тәуелсіздігіне байланысты көптеген жыр топтамасын жазды. Ақын шығармашылығындағы жаңа өлеңдерінің тақырыбы мен идеясы, лирикалық қаһарманының рухы қазақ елінің жаңа тарихымен үндес..
1-тапсырма. Темірхан Медетбек шығармашылығына қатысты қандай зерттеулерді білесіңдер?
2-тапсырма. Ақынның хрестоматияда берілген «Қазақ қандай еді?» деген өлеңін оқып, әдеби-теориялық талдау жасаңдар.
Қаламгер пікірі
«Темірхан – тәуелсіздікті жан-тәнімен қабылдап, жан-тәнімен жырлап келе жатқан қарынының ашқанына емес, қауымынан қасиет қашқанына қайғыратын, елдіктің мәселесінде күні кешегі таңдайындағы азды-кем тәттіні аңсайтын еркенің емес, баз баяғыдан маңдайы ашылмай келген халқының жолының мұнша неге қатты болғанына шымырқанған еркектің сөзін сөйлеп, дәйім ірі турап келе жатқан арқалы ақын. Жұртымен бірге жүріп егіліп, бірге жүріп сөгілді. Өлеңдерімен де, өмірімен де қазақ азаматы үшін қазақ даласының қай түкпірі де өз ауылы, қазақ баласының қай тумасы да өз бауыры екендігін мейлінше дәлелдеп келеді».
Әбіш Кекілбайұлы
Өзіңді-өзің бағала
«Рефлексиялық сұрақтар» әдісімен өзіңді-өзің бағала.
1. Мен тапсырманы қалай орындадым?
2. Не жақсы шықты?
3. Қай жерде жақсартуға болар еді?
4. Келесі жолы қандай әдісті қолданамын?