МҰХТАР ШАХАНОВ
Әдебиет қай кезеңде де ең алдымен – тәрбие құралы. Әр заманда, әр дәуірде әдебиет
арқылы халық өз ұрпағына білім мен тәрбие беріп отырған.
Жаугершілік заманда
жастарды ерлікке, халықты бірлікке шақыру мақсатында батырлық жырлар, батырлардың
ерлік істері туралы аңыздар мен ертегілер дүниеге келген.
Не себепті әдебиетті тәрбие құралы дейміз? Әдебиет арқылы қандай тәрбие аламыз? Әдебиет бізді неге үйретеді? Көркем сөз дегеніміз не? Әдеби кейіпкерлердің бойынан көрген қандай жақсы, не жаман қасиеттер есіңде қалды? Не себепті деп ойлайсыңдар? Осы сұрақтарға жауап бере отырып, «Әдебиет – тәрбие, өнер, үлгі, тарих» деген тақырыпта шағын зерттеу жүргізіңдер.
Ғалым пікірі
БАЛЛАДА (франц. ballada – би әні) – поэзия жанры, оқиғаға құрылған, лирикалық
сарындағы ұзақ өлең. Орта ғасырлардағы француз поэзиясының би үстінде айтылатын,
махаббат тақырыбын жырлайтын оқиғалы жыры. Баллада кейінірек ағылшын, шотланд
поэзиясына сіңіп, халық әдебиетінің лиро-эпикалық әмбебап, шағын жанры болады.
Қазақ поэзиясында баллада жазу дәстүрі С. Ерубаевтан басталады. Кейін баллада қазақ ақындары үшін де етене жанр болып кетті. Ж. Нәжімеденовтің, К. Мырзабековтің, М. Шахановтың осы жанрдағы шығармалары төл поэзиямызда балладаның біржола орнығып, ұлттық сипат алғанын айғақтады.
Ғалым Доскенов
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы Отырар ауданының Шілік ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Шымкент педагогикалық институтын бітірген М. Шахановтың «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» («Шыңғысханның пенделік құпиясы») атты романдары қызу пікірталас тудырды. Оның шығармалары дүниежүзінің 50-ден астам тіліне аударылды. Автордың Ш. Айтматовпен бірлесіп жазылған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабы мен «Сократты ескеру түні» атты драмасы да бірнеше елдің кітап дүкендерінен, сахналарынан орын тепті. Алғашқы өлеңі «Сырдария» 1959 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Бақыт» 1966 жылы жарық көрді. «Балладалар» (1968), «Ай туып келеді» (1970), «Қырандар төбеге қонбайды» (1974), «Сенім патшалығы» (1976) атты кітаптары шықты.

Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған шағын ғылыми зерттеу жүргізіңдер. Ол зерттеуде ақынның шығармаларының тақырыбы мен идеясын ашып, ақын шығармашылығы туралы ғалымдардың пікірлерімен танысыңдар. Зерттеулерің бойынша 3–5 бет PowerPoint бағдарламасында таныстырылым жасаңдар.
«Нарынқұм зауалы» балладасын оқып, сюжеттік желісіне назар аударыңдар. Шығарманың ұнаған бөлімін жаттап алыңдар.
Диалог, сөйлестіру (грек. – dialogos) – әдеби шығармада екі кейіпкердің немесе бірнеше адамның сөйлесуі, оларды сөйлестіру тәсілі. Диалог кейіпкерді жай бірінен кейін бірін сөйлете беру емес, ол сөйлесетін адамдардың қарым-қатынасының қалай шиеленісіп, қалай өзгеріп, өрістеп отыратынына сәйкес беріледі. Сондай-ақ бір кейіпкердің айтқан сөзі екінші кейіпкердің айтатын сөзіне түрткі болып, келесі сөйлеуші жауап қайыра сөйлейді.
Лирикалық кейіпкер – поэзиялық шығармалардан көрінетін адамның тұлға бейнесі. Өлең-жырларда ақын көбіне өз атынан сөйлейді. Басқа адамның бейнесін жасап, соның атынан айтуы кейде ғана кездеседі. Мысалы, Абай «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңінде бастан-аяқ болысты сөйлетіп қояды.
Өзіңді-өзің бағала
