Параграф 4.9 (Қазақ әдебиеті. 7-сынып)

ТУҒАН ӨЛКЕ ПУБЛИЦИСТИКА БЕТТЕРІНДЕ

Туған өлке публицистика беттерінде

Туған жер қашанда ыстық. «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген халық мақалы бар.

«Туған жердің ауасы да – шипа». Туған жер – бабалардың аманаты. Бұл туралы ақын Фариза Оңғарсынова апамыз:

О, туған жер, кеңпейіл, құшағың кең,
Саған көңіл бұлқынар күшті ағынмен.
Сағынышымды қанат қып саған қарай
Балапандай талпынып ұшамын мен.
Алақаны анамның – топырағың,
Сендік махаббатымның оты жалын.
Сені қалай сүюдің керектігін
Мен ешқандай кітаптан оқымадым, –

деп жырлаған екен.

Әрбір ақын, жазушы туған өлкесін жырлайды, шығармасына арқау етеді. Ал суретші туған жерінің әдемі пейзажын бейнелейді. Композитор ән арнайды. Кіндік қаны тамған жер әр адамға қымбат. Бұл публицистикада да бар.

Публицистика – (латынша – көпшілік, әлеумет) қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады. Публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады. Белгілі бір тілде публицистиканың өз алдына бөлек стиль болып қалыптасуы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетеді. Тілдің басқа стильдері сияқты публицистикалық стиль де бірыңғай болып келмейді.

Туған жер тақырыбы – мәңгілік. Әрбір адам туған жерін сүюі тиіс.

Туған өлке туралы публицистикалық мақалаларды баспасөз беттерінен оқи аласыңдар. Аудан, қала, аймақ, облыста жарық көретін қандай газет-журналдарды білесіңдер?

Газет-журналдардан туған жер тақырыбына жазылған публицистикалық мақаламен танысып, сыныптастарыңа айтып беріңдер.

Қайықтар мен кемелер

Бұл ауылдың аты – Қаратерең. Нулы жерге емес, сулы жерге тән атау. Қаратерең – Сырдарияның Арал теңізіне құяр жеріне ең жақын орналасқан ауыл. Заманында ұлы теңіздің арыстан жал толқындары елдің іргесін сабалап жатқан деседі. Біз ес білгенде Қаратереңді қаптаған көл қоршап тұратын. Батысында жағалаудан жылыстай бастаған Арал керіліп жатар еді. Оңтүстік-шығыс жағын тұтастай жайлаған Кәрітұма көлі айнадай жарқырайтын.

Таң сыз бере балықшы ауыл тіршілігіне кірісетін. Күллі Қаратерең көк теңізден несібе теруге аттанатын.

Енді қазір Қаратереңге желкесінен төнген теңіз де жоқ, ауылды қоршаған қаптаған көлдер де жоқ. Балықтың қай тұстан ауды қабатынын желдің соғысына қарап білетін бір кездегі кәнігі балықшылар да көрінбейді. Су бетінде сеңдей соғылысып жүретін баяғы мол балықтың қарасы батқан. Балық түгілі балдыр да көзден ғайып болған.

Жетпісінші жылдардың ортасына таман Қаратерең қатты құлазыды. Су тартылды...

Алдымен теңізді тастап, айдынның сәніне айналған кемелер кетті. Одан соң кеме түгілі қайықтар да жағалауға тұмсық тіремейтін болды.

Бауыржан Омарұлы

1-тапсырма. Берілген мәтінді оқып, оқу сауаттылығы бойынша PISA тапсырмаларын орындаңдар.

Енді қазір Қаратереңге желкесінен төнген теңіз де жоқ, ауылды қоршаған қаптаған көлдер де жоқ. Балықтың қай тұстан ауды қабатынын желдің соғысына қарап білетін бір кездегі кәнігі балықшылар да көрінбейді. Су бетінде сеңдей соғылысып жүретін баяғы мол балықтың қарасы батқан. Балық түгілі балдыр да көзден ғайып болған.

1. Қаратереңге қазір балықшылар неге келмейді? Не себепті Қаратереңде су жоқ?
2. Неге суда балық түгілі балдыр да жоқ? Бұл жағдайға не себеп болды деп ойлайсыңдар?
3. Қаратереңге су мол келуі үшін табиғаттағы қандай мәселелерді шешу керек? Ол үшін қандай жұмыстар жүргізу керек?

Бұл ауылдың аты – Қаратерең. Нулы жерге емес, сулы жерге тән атау. Қаратерең – Сырдарияның Арал теңізіне құяр жеріне ең жақын орналасқан ауыл. Заманында ұлы теңіздің арыстан жал толқындары елдің іргесін сабалап жатқан деседі. Біз ес білгенде Қаратереңді қаптаған көл қоршап тұратын. Батысында жағалаудан жылыстай бастаған Арал керіліп жатар еді. Оңтүстік-шығыс жағын тұтастай жайлаған Кәрітұма көлі айнадай жарқырайтын.

1. Кәрітұма көлі айнадай жарқырайтын.
2. Қаратерең – ауыл аты.
3. Қаратереңді көл қоршап тұратын.
4. Сырдарияның Арал теңізіне құяр жеріне жақын ауыл.

  • 1) 1.4.3.2
  • 2) 2.4.3.1
  • 3) 4.3.1.2
  • 4) 1.2.3.4
  • 5) 2.4.1.3

Біз ес білгенде Қаратереңді қаптаған көл қоршап тұратын. Батысында жағалаудан жылыстай бастаған Арал керіліп жатар еді. Оңтүстік-шығыс жағын тұтастай жайлаған Кәрітұма көлі айнадай жарқырайтын.

Мәтін қандай стильде жазылған? Ойларыңды дәлелдеп беріңдер.

Енді қазір Қаратереңге желкесінен төнген теңіз де жоқ, ауылды қоршаған қаптаған көлдер де жоқ. Балықтың қай тұстан ауды қабатынын желдің соғысына қарап білетін бір кездегі кәнігі балықшылар да көрінбейді. Су бетінде сеңдей соғылысып жүретін баяғы мол балықтың қарасы батқан. Балық түгілі балдыр да көзден ғайып болған.

Жетпісінші жылдардың ортасына таман Қаратерең қатты құлазыды. Су тартылды...

Алдымен теңізді тастап, айдынның сәніне айналған кемелер кетті. Одан соң кеме түгілі қайықтар да жағалауға тұмсық тіремейтін болды.

Мәтіндегі басты тірек сөздерді тауып, дәптерлеріңе жазыңдар.

«Қайықтар мен кемелер» мәтініндегі негізгі ойды анықтап, көтерілген мәселеге қатысты баға беріңдер.

9-тапсырма. Ғаламтордан Қаратерең ауылы туралы мәліметтерді жинақтап, сыныптасыңмен бірге «Шалғайдағы ауыл» тақырыбына таныстырылым жасаңдар. Таныстырылымда шалғайдағы ауылдың бүгінгі тіршілігіне баға беріңдер.

Өзіңді-өзің бағала