Параграф 4.7 (Қазақ әдебиеті. 7-сынып)

САНСЫЗБАЙ САРҒАСҚАЕВ

Сансызбай Сарғасқаев (1925–1995)

Сансызбай Сарғасқаев 1925 жылы 29 сәуірде Жамбыл облысында дүниеге келген. Жазушының көркем туындылары 1949 жылдан жариялана бастады. Шығармалары негізінен жас жеткіншектерге арналған. «Достар» (1952), «Бір отрядта» (1953), «Сәуленің жаңа достары» (1954), «Бір көшенің бойында» (1961), «Сынған тіс» (1963), «Шындық» (1964), «Көңілді балалар» (1966), «Тәмпіш қара» (1974) атты повестер мен әңгімелер жинақтарында жас жеткіншектердің ой-арманы, қоғамдық пайдалы істері, өнер-білімге деген құштарлығы, бір-біріне адалдығы, достық қарым-қатынасы суреттелген. Жаңашыл да жасампаз адамдар туралы «Ұстаз» (1979), «Сұлутөр» (1983) романдары жарық көрді. Оның кітаптарының бәрі мектеп оқушыларының тыныс-тіршілігінен сыр шертеді.

Әдебиет тарихпен байланысты. Тарихта болған кез келген оқиға әдебиет арқылы бүгінгі күнге жетеді. Ғалым Тұрсын Жұртбай: «Тарихи шындыққа қарағанда, көркемдік шындықтың өмірі ұзақ», – деген. Сол себепті тарихи оқиғалардың халық жадында сақталуы, болашақ ұрпаққа берілуі әдебиет арқылы жүзеге асады деп ойлаймын.

Иә, Нұрасыл, ғалым ағамыз дұрыс айтқан. Біз өзіміз танысқан көркем шығармалар арқылы халқымыздың басынан өткен сан алуан оқиғалардың куәсі болып отырмыз. Қазақ-қалмақ соғысын «Қыз Жібек», «Батыр Баян» шығармалары арқылы білсек, Ұлы Отан соғысындағы балалардың өмірі туралы Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» повесінен оқып білдік.

Қазақ халқының басынан өткен оқиғалардың бірі жазушы Сансызбай Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара» повесінде баяндалады. Бұл шығармадан да ел тарихында үлкен із қалдырған оқиғаларды көреміз.