Параграф 4.8 (Қазақ әдебиеті. 7-сынып)

ТӘМПІШ ҚАРА

Тәмпіш қара (повестен үзінді)

Енді ойлап тұрсам, арамызға сол Шаншатай келгелі бері біздің күнделікті күйкі тіршілігімізге жан кіріп, күні кеше өзімізге алыстан сағымдай мұнарланған жаңа бір дүние құшағына кіргендей әсерге енсек керек. Күні кеше қиялдың не екенін білсек, енді сол тәтті, сұлу қиялдың қанатына мініп, жан дүниеміз рақатқа шомылғандай болса керек. Бірақ біз күн сайын бойымызға там-тұмдап сіңіп, нәр болған сол бір әсерді ол кезде сезбеген едік. Сол әсер, енді ойлап тұрсам, біздің күнде ойнайтын 

ойынымызда, біздің күнделікті әңгімемізде, қимыл-әрекетімізде тамырды қуалаған қан секілді бойға байқалмай тарай берсе керек.
​Танысқан күннің ертесіне біздің үйге Шаншатайдың өзі келді. Келетінін маған күні бұрын айтқан жоқ-ты.
​Бұл күні малдағы атам үйде болатын. Атам келді дегенше алты жасар інім Ержан екеуiміздің қуанышымызда шек болмайды. Таласып атамның арқасына мінеміз. Алдына отырамыз. «Суғарып келейік», – деп атына таласамыз.
​Әлгінде әжем шай әкелгенде екеуiміз атамның екі тізесіне отырып алған едік. Әжемнің:
​– Қойсаңдаршы. Атаңа тіпті шай ішкізбейтін болдыңдар ғой, – дегеніне қараймыз ба, тәйірі. Атам болса мәз, кеңкілдеп күле береді. 
​Жаз күндері шайды есік алдындағы дәлізде ішетінбіз.
​– Ассалаумағалайкүм! – деген баланың дауысы шықты.
​– Әликсалам, – деді атам да, сәлем берген балаға риза болғандай.
​Ержан жылап, мені атамның алдынан итеріп отырған. Оны мен де итеріп жібергенім сол еді, келген балаға жалт қарасам – Шаншатай!
​Анадай жерде ақсия күліп қарап тұр. Мен шиедей қызарып кетсем керек, сасқанымнан бетімді атамның кеудесіне баса беріппін. Дәл осыны күткендей, басқа баланың келуі оған мият болғандай, жылап отырған Ержан мені дәл құлағымның түбінен періп жібермесі бар ма!
​– Үй, мыналар қайтеді, – деп атам осы кезде қозғалақтап қалды. – Шырағым, жоғары шық, шайға кел!
​Атам ендігі сөзін Шаншатайға арнады. Інімнің мені ұрғанын көргенде Шаншатайдың күлген дауысы қаттырақ шыққандай болып еді, енді атамның сөзінен кейін:
​– Рақмет, ата, – деді ол, – шаруам боп Ертайға келіп едім.
​Атам «Саған келіпті ғой, сөйлессейші» дегендей, бетімді басқан иығымен кеудемді серіпті. Амал жоқ, бұрылып қарасам, Шаншатай сол орнында тұр екен. Жүзінде мысқыл табы жоқ. Сабырлы.
​– Ертай, қазір қолың бос па? Ешқайда бармайсың ба бүгін? – деді ол.
​– Боспын.
​– Онда сенде шаруам бар. Асықпай тамағыңды іш, мен мектеп қасында күтем сені.
​– Жарайды.
​Әншейінде қыңырланып қиқаңдар ма едім, кім білсін. Дәл қазір оның тезірек кетуін қаладым. Ержан тағы да бір сойқан шығарар!
​– Шай ішпедің ғой, шырағым, – деді әжем.
​Шаншатай рақметін жаудырды тағы да. Сосын:
​– Ертеңгі ас қой, дәм ауыз тиейін, – деп, ақырын басып, дастарқанның жанына келді де, өте бір инабатпен иіліп үстел үстінде жамырап жатқан әжемнің қызыл бүйір жүгерісінен бір-екеуін алып, аузына салды.
​– Уыстап ал, балам, – деді атам.
​– Көп рақмет. Мазаларыңызды алғаныма кешіріңіздер!
​– Өте бір әдепті бала екен, – деді атам Шаншатай кеткен соң.
​– Өте бір ұқыпты бала екен, – деді әжем оның тап-таза киімін сөз етіп.
​Шынында да, оның киген киімі тазалығымен бұл жолы мені қызықтырған еді. Пәлендей су жаңа емес. Бұтында шолақ балақ шалбар. Үстінде кеше суға киіп келген торкөз көйлек. Аяғында сандал. Басына кигені көнетоз тақия. Бір қызығы галстук тағып алған.
​«Осындай күн ыссыда галстук таққаны сәндігі болар».
​Бұрын мұндай қызғаншақтығым жоқ еді. Бірақ дәл осы арада әлгі баланы мұқатқым келгендей:
​– Өзі тым сәнқой. Мақтаншақ! – деп қалдым.
​– Қой, өйтпе, балам. Сыпайылығы көрініп тұр ғой, ондай бола қоймас.
​– Кішіпейіл, ақжарқын бала екен, – деді атам тағы да. – Бұрын көрмеген бала ғой.
​– Келгеніне екі күн бопты, – дедім мен атам мен әжемнің сөзіне іштей торсиып. – Келдібай директордың інісі екен.
​– Е-е, болса болар,– деді атам басын изеп. – Тәлім көргені көрініп тұр. – Мына сөзге тіптен жарылып кете жаздадым.
​– Сонда мына мен кіммін, ата?
​– Сен біздің ерке тайлағымызсың ғой, – деді атам күліп.
​– Иә, саған, – деді осы кезде Ержан. – Сен мақтаншақсың!
​– Мен бе? – Тұра ұмтыла беріп ем, ол да аңдып отыр екен, сып етіп әжемнің қойнына кіріп кетті.
​– Күтіп қалды ғой. Сөзіңді бердің, бара ғой, балам, – деді әжем, мен шай ішіп болып тұра бергенімде. – Сондай баламен дос болсаң, өкінбессің.
​Бұл сөз әжемнің берген батасындай сезілді. Үйге кіріп, өзім оқуға киіп жүрген көк сәтен жейдемді, ақ жолақ жолы бар шалбарымды, жуырда базардан әкем әкелген сары брезент бәтеңкемді кидім. Менің де Шаншатайдан қалысқым келмеді.
​Сөйтіп үйден шыққанда, Ержан:
​– Оһо, қарашы, ата, мынаны қарашы. Айттым ғой, мақтаншақ! – демесі бар ма.
​Көңілім су сепкендей басылды. Ұнжырғам түсіп, сөлбірейдім де қалдым. «Қап, мына иттің!..»
​Әжем:
​– Атасы-ау, ерке тайлағың қандай әп-әдемі! Киімі де мұнтаздай тап - таза, өзіне жарасып тұр, – демесе, менің сол күні Шаншатаймен кездесуім де неғайбіл еді.
​Оны атам да қостап:
​– Бәрекелді-і-і! Міне, нағыз жігіт. Келші, өзіңді бір иіскейін! – деп кеудеме көгершін қондырды... Мына сөздерден кейін, Ержанның айтқаны жайына қалды. Орайын тауып, тақыр маңдайынан бір шертіп, баж еткіздім де, ытқып көшеге шықтым.
​Айтқандай-ақ, Шаншатай мектеп қасындағы қос теректің түбінде күтіп тұр екен. Ол менің сәндене киінуімді байқамағандай пішін көрсетті. Сірә, ұялтпайын дегені болар.
​Мен келген бетте оның сұрағы:
​– Сендер күнде не істейсіңдер? – болды.
​– Ойнаймыз, суға түсеміз.
​– Сосын.
​– Тағы ойнаймыз.
​– Не ойнайсыңдар?
​– Не болсын? Асық ойнаймыз. Шілік ойнаймыз. Бірақ қазір күн ыссы, – дедім мен қабағымды кіржитіп, қиналған әлпетпен. – Көктемде бірауық қашпадоп ойнаймыз.
​– Кешке жақын ойнайсыңдар ма?
​– Ойнамағанда ше! – дедім мен шап етіп. – Орамал тастамақ, түйе- түйелер, жасырынбақ, ақсүйек... ой, несін сұрайсың, тіптен көп.
​– Келгелі көрмедім ғой.
​– Қазір ойнамаймыз.
​– Неге?
​Қипақтап қалдым. Түнде қорқатынымызды айтқым келмеді.
​Ана бірде кешкісін жасырынбақ ойнап жүргенімізде, алыстан айдалада жарқырап жанған отты көріп: «Шайтан жаққан от», – деп барлық бала бытырай қашқан. Содан кейін балалар кешкісін жиналуды мүлде қойған-ды. Сондықтан:
​– Кешкісін үй шаруасы көп, – дедім мен үйде бірдеңені тындыратындай жалтарып.
​– Ә-ә! – Шаншатай түсіндім дегендей иегін шұлғып қойды.
​– Сонда кешке дейін ойыннан басқа ешбір шаруаң жоқ қой?
​– Иә.
​– Мен сенен бірдеңе өтінейін, орындайсың ба?
​– Әуелі айт, – деп тұрып алдым. Ол маржандай тістерін көрсетіп, басын шайқап күлді де:
​– Егіс қосына, қырманға барсақ қайтеді? – деп сұрады.
​– Қырманға?! – Дауысым қаттырақ шығып кетсе керек, Шаншатай маған таңырқана қарап қалыпты.
​– Бармаймын, – дедім мен.
​– Неге?
​– Сол.
​– Онда өзің біл, – деді Шаншатай қиналған үнмен, – мен саған комбайн көрсетейін деп ем.
​– Ко... ком... комбайн, – дедім мен елең етіп. Енді әлгі бір мінезіме қысылғандаймын. «Сабырсыздығым-ай осы!.. Тым тез етпемін» деймін іштей өзіме-өзім қынжылып.
​– Иә, – деді Шаншатай. – Сен білмейсің бе? Колхозға комбайн келгелі үш күн болды.
​Ауылдың үстімен басқа ауылдың шыбыны өтсе біле қоюшы ек. Оған құлағымыз түрік. Ал атын естігенмен, кейде көрсек деп ынтығатын дәу мәшиненің біздің ауылға келгенін білмей қалуымыз нағыз өлім ғой. Мынандай тапа тал түсте емес, жеті қараңғы түнде екі өкпемді қолыма алып жүгiрмеймін бе? Ана Нұрқат бастықтың Нығмет деген баласы «шайтанарба» алып келгенде, осы ауылда оны ең бірінші білген де, жалынып-жалбарынып алғаш оны қолыммен сипап көрген де мен емес пе ем?! Шаршы топтың көзінше Нығметтің алдына отырып, «шайтанарбамен» ауылды бір айналып шыққан сабазың мына мен емес пе ем! Сонда төбем көкке екі-ақ елі ғана тимей қалып еді ғой. Ал бүкіл ауылды дүрілдеткен мына жаңалықты қалайша білмей қалғаныма таңым бар.
​– Біздің ауылға ма? – дедім мен әлі де Шаншатайдың сөзіне сенер-сенбесімді білмей қайталап қадала сұрап.
​– Осы ауылға келді.
​– Сен өзі көрдің бе оны?
​– Жоқ. Келдібай ағам айтты. Әуелі Жарбастау деген жердегі егінге салған екен. Бүгін Қызылқұрға әкеледі, – деді.
​– Ә-ә, – дедім мен. Енді түсінікті болды гәптің қайда жатқаны. Жарбастау біздің ауылдан алыста. Атамның айтуынша, ол Сұлутөрдің арғы жақ бөктерінде, яғни қалаға барар жолда. Ол жерде колхоздың бір бригадасы бар дейтін. Оны өз басым көрген емеспін. Ол жақтан келген бала да жоқ бұл жерде. Сондықтан Жарбастауға комбайн келмек тұрмақ, ол ара бір түнде аударылып түссе де, біздің білмеуіміз заңды емес пе. Ал ауылымызға комбайн келгенін бұл жерде дәл қазір менен басқа кім білді?! Әттең, жақын маңда балалардың қарасы көрінбейді, жария етіп айтатын.
​Көңілім осылай көпіріп кетті. Келдібай ағай айтса, әрине, шын болғаны. Онда бұл не тұрыс? Шыдамсыздық билеп кетті.
​– Айда кеттік!
​– Барасың ғой? – деді Шаншатай маған сынай қарап.
​– Бармағанда ше!
​– Онда сен үй ішіңе айтып кел.
​«Ой, тамаша баласың-ау, Шаншатай. Менің көңілімдегіні қалай таба қойдың? Қазір Бейсекүлге барып айта қойсам болды емес пе. Ол қыз бір сағат болмай-ақ, бүкіл ауылға жаяды ғой. Ана Оңалбек, Ықсандардың іші күйсін түге!» Мұндай қуанбаспын!
​– Мен зу етіп барып келе қоям, – дедім де, тұра жүгірдім.
​– Әй, Ертай! – деп дауыстады Шаншатай. Тұра қалдым. – Сені суретті жақсы салады дейді ғой. Үйде бояу қарындашың болса, ала кел!
​– Жарайды!
​Менің сурет салатынымды қайдан біле қойды екен?
​Бұл сұрақтың жауабын үйге барып, мектепке қайтып оралысымен білдім. Мен келсем, мектеп маңына бірнеше бала жиналып қалыпты. Мәссаған, мынау қысық көз Ықсан, әне бір ұзын бойлысы Атабек, қасында Оңалбек тұр. Ойнақтаған лақша секеңдеп, Бейсекүл де кеп қапты.
​Қастарына жете бергенімде:
​– Шаншатай, ә, Шаншатай, кімді күтіп тұрмыз енді?! Ертай да келді ғой, – деген Бейсекүлдің шіңкілдек дауысы мені еріксіз шегеледі. «Мына қыз Шаншатайды менен бұрын біліп қойған ба?» Мен осыған қайран қалып тұрмын.
​– Үй, сен неғып тұрсың қақшиып, бері кел, – деді Бейсекүл ұзын кірпікті қара көзі қуақылана ойнап. – Қарындаштарың қайда?
​«Мұны да біліп қойған?..»
​Ойымды Шаншатай үзді:
​– Сенің сурет салатыныңды кеше мына Бейсекүл айтты маған. Оның үстіне алдыңгүні Келдібай ағам екеуiміз мектептің сыныптарын аралағанда, қабырғада ілулі тұрған Тайбурылды көріп, таңдандым. Сонда ағам: «Мұны Ертай деген бала салған. Болашақ үлкен суретшіміз», – деді.
​«Ертай салған... Болашақ суретші!.. Келдібай ағай айтыпты. Ой, тамаша!» Жүрегім аттай тулап қоя берді. Менің сол кездегі қуанышымды айтып жеткізу қиын. Оңалбектің екі езуі құлағында. Бейсекүлдің көзі ойнақшып кеткен. Тек Ықсан ғана кішкентай танауының ішін саусағымен шұқылап, сәл тыржияды. Шамасы, Келдібай ағайдың мені мақтағаны оған жақпаса керек.

Қашанда Ықсанның осындайы бар. Әжептәуір болып жүреді де, болар-болмас нәрсеге қылт ете қалады. Тамаққа өкпелесе бірсәрі. Ондай әдет қай балада болсын бар. Ал мен ауызға ілінбедім деп тырсия қалғаны несі?
​Бір қызығы, бүгін бәріміз де әлдебір салтанатты жиынға баратындай болып бар әсем киімімізді киіппіз. Үнемі сатала-сатала боп жүретін Оңалбектің үстінде де кірсіз жейде. Бейсекүл болса, аяғына ақ кенеп туфли киіпті. Басында қызыл шаршы орамал. Үстінде гүлді көйлек. Ықсан бригадирдің баласы емес пе, кигені қара костюм. Екі қолын жан қалтасына салып шертиіп тұруын! Басында зерленген тақия. Күн шұғыласымен жалтылдайды.
​Біздің киімімізге көзі енді ғана түскендей Шаншатай бәрімізді бір шолып қарап шықты да, үндемеді, жымиып қана қойды.
​Осы кезде бізге тағы да үш-төрт бала қосылды. Олар келе сала Шаншатайды көптен білетіндей шүйіркелесіп кетті. «Келмей жатып қайдан танып жүр?» деген сұрақ көңілімді қызғанышпен көлеңкелемеді, қайта жылы таңырқау сезіміне бөлеген еді.
​Бала жүрген жер у-шусыз бола ма? Әлгі арада біріміз сөйлеп, біріміз күліп, оқу біткелі тым-тырыс тұрған мектеп маңын дуылдатып жібердік. Біздің дауысымызға оянды білем, бір кезде шашы дудырап, анадай жерде Күлдәрі көрінді. Оның білегін қыршығаннан бері көруім осы. «Мына шайтан пәле қылмаса еді». Жүрегім шымыр ете түсіп, денем суынып кетті. Көзіне түспейін деп теректі айнала бердім. Ол мені көріп қалды. Анадайдан жұдырығын көрсетті. Бірақ қасымызға келмеді.
​Осы кезде мектептің қара бестісі жегілген арба салдыр-гүлдірлеп қасымызға жетіп келді. Делбеде шәнтиіп Әміре шал отыр. Арба үстінде – Келдібай ағай.
​Әншейінде бізге тым қаталдау көрінетін ағайдың жүзі жарқын. Бәрімізбен дауыстап амандасты да:
​– Кәне, тезірек келіп отырыңдар! – деді.
​«Міне, тамаша! Біз арбамен баратын болдық. Әй, Шаншатай, жарайсың!»
​Келдібай ағай бізді Қызылқұрға алып келгенімен, көп бөгелген жоқ, ізінше қайтып кетті. Көлігіміздің кетіп қалғанына біз қынжылғанымыз жоқ. Ойымыз – кештете жаяу қайту. Ал қазір комбайнды қызықтайық!..
​Алайда біз бұл күні қайта алмадық. Оған себеп болған Тәмпіш қара – Шаншатай.
​Бізге комбайнның әр бөлшегі әрі таңсық, әрі қызық. Тыр-тырлаған дауысы да, сартылдап-сатырлап жүруі де әуелде ерсі көрінгенмен, тез үйреніп кеттік. Комбайнның жанында шуылдап бізбен бірге жүрген Шаншатайдың:
​– Осылай топырлап бостан-бос жүгіре береміз бе? – демесі бар ма.
​Мына сұрақ құлағымызға тым тосын естілді. Әдейі көруге келдік емес пе? Біз емес, сақалдары ербеңдеп шалдар да, жаулықтары желбіреген кемпірлер де топырлап жүр ғой. Жиналған жұрт құмырсқадай құжынайды. Көзі ғана жалтырап, үсті-басы май болған, шаңға көмілген мына бір қапсағай денелі комбайншы жігітті дәл қазір қолдарына берсе, допша төбелеріне көтеріп әкетердей. Сонда біздің бұл жүрісімізде не ерсілік бар? Әрқайсысымыздың көңілімізге осы сұрақ оралыпты.
​– Көргелі келдік емес пе?
​– Енді не істемекпіз?
​– Жалғыз біз бе топырлаған?
​– Айтам-ау...
​Шаншатай мырс етіп жымиды да:
​– Қарап тұрсам, шетімізден сайдың тасындай шып-шымыр жігіт екенбіз, – деді.
​– Әрине.
​– Бәсе десейші!
​– Бейсекүл ғана болмаса.
​– Иә, саған...
​Оның сөзін күлкі араластыра жамырай сөйлеп іліп әкеттік. Шаншатай жай ғана күліп қойды. Сонан соң:
​– Олай болса, жігіт адамның лайықты орны бар, – деп өз байламын айтты.
​Енді қиқаңдап көр. Жіпсіз байлағаны емес пе бұлтартпай.
​Сөйтіп біз орақ басында ұзақ айналдық. Енді денеміз суға емес, терге малынды. Бірақ, неге екені белгісіз, бұрынғыдай шаршадық деп қиналу, басқарушының көзі қалт етсе тасаға ықтау дегенді ұмыттық тіптен. Тыржиып қабақ шытқан да ешкім жоқ. Әлдебір көңілділік серпін қанаттандыратын секілді.
​Енді ойлап тұрсам, сол серпін Шаншатайдан тарап әсер етіпті бізге.
​Біз масақ та тердік, лобогрейка шауып кеткен бидайды бауладық та. Күліп жүріп, жапыра қимылдадық. Ал кешкісін денеміз дел-сал болып, сабан төселген балағанның ішіне сұлай-сұлай кететін едік. Шынын айтсақ, шаршау деген қаперімізге кірмеді. Керісінше, жұмысты тез аяқтап, кеш болуын шыдамсыздана күтеміз. Ондағы ойымыз демалу емес.
​Шаншатай әнші екен. Сыбызғыдай сиқырлы дауысы құлағымда тұр әлі. Ол бізге көп ән үйретті. Енді біз ертеңгісін жұмысқа сап түзеп, ән шырқап баратын болдық. Кешкілікте әнмен ораламыз.
​«Бір...екі...үш» – деп шырқаған әніміз Қызылқұрдың мөлдір тұнық ауасында әлі күнге қалқып тұрғандай.

1-тапсырма. «Тәмпіш қара» повесінің толық нұсқасын хрестоматиядан оқып шығыңдар.

2-тапсырма. Әңгіменің тақырыбы мен идеясын анықтаңдар. Автор балалардың еңбегі мен олардың өзара қарым-қатынасы туралы қандай ой айтқан?

3-тапсырма. Бүгінгі ауыл мен повесте бейнеленетін ауылды салыстырып, айырмашылықтары мен ұқсастықтары, ауыл балаларының ойындары мен еңбектері туралы дәптерлеріңе жазыңдар.

4-тапсырма. Берілген үзінді бойынша шығарманың композициялық құрылымын жазыңдар. Оқиғаның шарықтау шегі мен аяқталуын анықтап, шығарма сюжетіне байланысты пікірлеріңді білдіріңдер.

5-тапсырма. Шаншатай деген баланы неге «Тәмпіш қара» деп атады? Шаншатай–Тәмпіш қараның портретін айтып беріңдер.

6-тапсырма. Шығармада қай кезеңнің оқиғасы суреттеледі? «Қазақстан тарихы» оқулығын пайдаланып, еліміздегі сол замандағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайға назар аударыңдар. Шығармада балалар мен үлкендер арасындағы қарым-қатынас қалай баяндалған?

Кейіпкер Шығармадағы мысал Менің ойымша...
Шаншатай
Ертай
Бейсенкүл
Ықылас

Кейіпкер сөзі

Кімге айтты?

Не себепті айтты?

– Өзі тым сәнқой. Мақтаншақ! – деп қалдым.

– Атасы-ау, ерке тайлағың қандай әп-әдемі. Киімі де мұнтаздай тап-таза, өзіне жарасып тұр, – демесе, менің сол күні Шаншатаймен кездесуім де неғайбіл еді.

«Ертай салған... Болашақ суретші!.. Келдібай ағай айтыпты. Ой, тамаша!» Жүрегім аттай тулап қоя берді.

Сонан соң: – Олай болса, жігіт адамның лайықты орны бар, – деп өз байламын айтты.

9-тапсырма . Шығармадан авторлық баяндауды табыңдар. Автордың кейіпкерлеріне деген көзқарасын анықтаңдар.

10-тапсырма. Шығарма сюжетін негізге алып, «Еңбек түбі – береке» тақырыбына шығарма жазыңдар.

Повесть бөлімдері

Негізгі оқиғасы

Кейіпкерлері

«Танысу»

«Тілеп алған азап»

«Әзілі ме, шыны ма?»

«Өкініш»

«Теке қарт»

«Не болды бізге?»

«Бұдан кейінгі күндерде…»

«Ойламаған жерден»

«Үш күн қалғанда»

1. Повесть не себепті «Тәмпіш қара» деп аталған?

2. Повесті «Тәмпіш қара» атауынан басқа тағы қалай атауға болады?

3. Повестің «Тәмпіш қара» деп аталуына себеп болған оқиғаларды айтыңдар.

4. Шаншатай балаларды еңбек етуге қалай үйретті?

5. Ертай Шаншатайды басында не себепті ұнатпады?

6. Қырман басында қандай оқиға болды?

7. Ертай мен Шаншатайдың қандай әрекеттерін бағалайсыңдар?

1-мәтін. Мәтінді тыңдап, төмендегі сұрақтарға жауап беріңдер. Уақыт мөлшері: 11 минут.

1. Ертай неге Шаншатайдан қысылды?

2. Шаншатайдың әдепті, сыпайы екенін қандай сөздерінен байқадыңдар?

2-мәтін. Мәтіннің мазмұнын қысқаша баяндаңдар. Балалардың киген киімдерін сипаттап айтып беріңдер. Уақыт мөлшері: 11 минут.

3-мәтін. Мәтінді тыңдап, қажетті сөздерді теріп жазыңдар. Уақыт мөлшері: 11 минут.

1-мәтін
2-мәтін
3-мәтін

Қосымша тапсырмалар. 1-сабақ

Сенің меңгеретінің:

– шығарма сюжетінің құрамдас бөлшектерін талдайсың;

– шығармадағы тұлғалық болмысты гуманистік тұрғыдан талдайсың.

  • «Достар», «Сәуленің жаңа достары», «Тәмпіш қара»
  • «Ұстаз», «Сұлутөр»
  • «Жау тылындағы бала»
  • Соғыстан кейінгі жылдардағы балалардың бастан кешкендері
  • Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ауыл балаларының тіршілігі
  • Отызыншы жылдардағы ауыл өмірі
  • Ертай
  • Оңалбек
  • Шаншатай
  • Ләңгі, алтыбақан
  • Асық, қашпадоп
  • Орамал тастамақ, түйе-түйелер, жасырынбақ, ақсүйек
  • Шаншатайдың ауылға келуі, ауыл балаларымен танысуы
  • Шаншатайдың балаларды комбайн көруге шақыруы
  • Ертайдың Нығметтің алдына отырып, «шайтанарбамен» ауылды бір айналып шығуы
  • – Әй, Ертай! – деп дауыстады Шаншатай. Тұра қалдым. – Сен суретті жақсы салады дейді ғой. Үйде бояу қарындашың болса, ала кел!
  • Шаншатай мырс етіп жымиды да: – Қарап тұрсам, шетімізден сайдың тасындай шып-шымыр жігіт екенбіз,– деді.
  • – Ертеңгі ас қой, дәм ауыз тиейін, – деп, ақырын басып, дастарқанның жанына келді де, өте бір инабатпен иіліп үстел үстінде жамырап жатқан әжемнің қызыл бүйір жүгерісінен бір-екеуін алып аузына салды.
  • Айтқандай-ақ, Шаншатай мектеп қасындағы қос теректің түбінде күтіп тұр екен.
  • Комбайнның жанында шуылдап бізбен бірге жүрген Шаншатайдың: – Осылай топырлап бостан-бос жүгіре береміз бе? – демесі бар ма?!

2-сабақ  

Сенің меңгеретінің:

– шығармадағы кейіпкерлердің типтерін жасалу тәсілдері тұрғысынан анықтайсың.

Мәссаған, мынау қысық көз , әне бір ұзын бойлысы , қасында  тұр. Ойнақтаған лақша секеңдеп,  де кеп қапты.

  • суретшілік, мейірбандық, жомарттық;
  • әдептілік, ұқыптылық, еңбексүйгіштік;
  • ұлтжандылық, талапшылдық, көре алмаушылық.
  • Бұтында шолақ балақ шалбар. Үстінде кеше суға киіп келген торкөз көйлек. Аяғында сандал. Басына кигені көнетоз тақия.
  • Үйге кіріп, өзім оқуға киіп жүрген көк сәтен жейдемді, ақ жолақ жолы бар шалбарымды, жуырда базардан әкем әкелген сары брезент бәтеңкемді кидім.
  • ...аяғына ақ кенеп туфли киіпті. Басында қызыл шаршы орамал. Үстінде гүлді көйлек.
  • ...кигені қара костюм. Басында зерленген тақия. Күн шұғыласымен жалтылдайды.
  • Шаншатай
  • Ертай
  • Бейсекүл
  • Ықсан
  • Ал ауылымызға комбайн келгенін бұл жерде дәл қазір менен басқа кім білді?! Әттең, жақын маңда балалардың қарасы көрінбейді, жария етіп айтатын;
  • – Ойнамағанда ше! – дедім мен шап етіп. – Орамал тастамақ, түйе-түйелер, жасырынбақ, ақсүйек... ой, несін сұрайсың, тіптен көп;
  • ... Оның үстіне алдыңгүні Келдібай ағам екеуiміз мектептің сыныптарын аралағанда, қабырғада ілулі тұрған Тайбурылды көріп, таңдандым. Сонда ағам: «Мұны Ертай деген бала салған. Болашақ үлкен суретшіміз», – деді.

– Сендер күнде не істейсіңдер?
– Ойнаймыз, суға түсеміз.
– Сосын.
– Тағы ойнаймыз.
– Не ойнайсыңдар?
– Не болсын? Асық ойнаймыз. Шілік ойнаймыз. Бірақ қазір күн ыссы... Көктемде бірауық қашпадоп ойнаймыз.
– Кешке жақын ойнайсыңдар ма?
– Ойнамағанда ше!.. Орамал тастамақ, түйе-түйелер, жасырынбақ, ақсүйек... ой, несін сұрайсың, тіптен көп.
– Келгелі көрмедім ғой.
– Қазір ойнамаймыз.
– Неге?

  • Ертай мен Ержан;
  • Шаншатай мен Ертай;
  • Бейсекүл мен Шаншатай.

...Ол маржандай тістерін көрсетіп, басын шайқап күлді де:
– Егіс қосына, қырманға барсақ қайтеді? – деп сұрады.
– Қырманға?! – Дауысым қаттырақ шығып кетсе керек, Шаншатай маған таңырқана қарап қалыпты.
– Бармаймын, – дедім мен.
– Неге?
– Сол.
– Онда өзің біл, – деді Шаншатай қиналған үнмен, – мен саған комбайн көрсетейін деп ем.
– Ко... ком... комбайн, – дедім мен елең етіп...

  • Сабырлылығы;
  • Байсалдылығы;
  • Сабырсыздығы.
  • Келдібай ағайдың Шаншатайға Ертайды мақтағанын жақтырмай қалады;
  • Балалардың салтанатты жиынға баратындай таза киінгендерін ұнатпайды;
  • Балалардың келе сала Шаншатаймен көптен білетіндей шүйіркелесіп кеткендерін көңіліне ауыр алады.

3-сабақ  

Сенің меңгеретінің:

– шығармадағы автор бейнесін анықтайсың;

– шығармадағы көркемдегіш құралдардың қолданысын талдайсың.

  • достық, әділдік, еңбексүйгіштік
  • батырлық, қайсарлық, ұлтжандылық
  • жомарттық, сыйластық, татулық

Тұжырымдар

Дұрыс/бұрыс

«Тәмпіш қара» повесінің негізгі ойы – жеткіншектерді адамгершілікке, шыншылдыққа, қайырымдылыққа тәрбиелеу.

  

Ауыл балаларын еңбекке баулу үшін Шаншатай ертегілер айтып береді.

  

Автор пионерлердің бос уақыттарын тиімді өткізгендерін үлгі етеді.

  

  • көңілім су сепкендей басылды
  • сонда төбем көкке екі-ақ елі ғана тимей қалып еді ғой
  • Оңалбектің екі езуі құлағында
  • жіпсіз байлағаны емес пе бұлтартпай
  • Атам келді дегенше алты жасар інім Ержан екеуiміздің қуанышымызда шек болмайды.
  • Мынандай тапа тал түсте емес, жеті қараңғы түнде екі өкпемді қолыма алып жүгiрмеймін бе?
  • Ана Оңалбек, Ықсандардың іші күйсін түге!

«Біз масақ та тердік, лобогрейка шауып кеткен бидайды бауладық та», - деген үзіндідегі асты сызылған сөздер қандай сөздерге жатады?

  • бау-бақша шаруашылығына байланысты кәсіби сөз
  • мақта шаруашылығына байланысты кәсіби сөз
  • егін шаруашылығына байланысты кәсіби сөз
  • құмырсқадай құжынайды
  • жиналған жұрт
  • құжынайды

  сиқырлы дауысы құлағымда тұр әлі. «Бір... екі... үш...», – деп шырқаған әніміз Қызылқұрдың  тұнық ауасында әлі күнге қалқып тұрғандай.

Өзіңді-өзің бағала