Параграф 4.6 (Қазақ әдебиеті. 7-сынып)

ЖАУ ТЫЛЫНДАҒЫ БАЛА

Жау тылындағы бала (Үзінді)

Кешегі сұрапыл Ұлы Отан соғысы кезінде он жасар қазақ баласы Украина жерінде, жау тылында, партизандар қатарында болды дегенге, бәлкім, сене де қоймассыздар. Сөйткенмен, осы бір сәбидің басынан кешкен қилы-қилы өмір соқпақтарын оқушыларға айтып беру көптен бергі борышым сияқты болып келген еді. Қайда барсам да, сол баланың бейнесі көңілімнен бір шықпай, әлдебір балалық мұңын шаққандай, көз алдымда мөлтеңдейді де тұрады. Сәби жүзі, бұғанасы қатпай ауыр күндерге душар болған балғын шағы жан-жүйемді тебіренте беретін болды.
​Сол баланың өмірі туралы жолдастарыммен әңгімелесіп, оқиғаның ұзын-ырғасын баяндап бергенімде: «Жазсаңшы осыны, балаларға мұндай жағдайды білудің өзі бір сабақ емес пе? Жаз, оқысын замандастарың», – дейтін еді. Содан бері көп уақыт өтсе де, бірақ оқиға барған сайын ойыма ұялап, әңгіменің айтылар толғағы жиілеп, жанымды мазалай берді. Сөйтіп, енді сол бір қиын-қыстау күндерден бері есімде жүрген оқиғаның ізіне түскелі отырмын...

* * *

Шырт ұйқыда жатқан Серік төрдегі үстел үстінде тұрған телефонның безектей шылдырлаған дыбысынан кенет оянып кетті. Бір аунақшып түсіп, басын көтеріп алып еді, папасы телефон трубкасын құлағына тосып тұр екен.​
– Тыңдап тұрған майор Мергенбаев, – деп келте сөйлеген папасы лезде: – Солай ма?.. Қазір жетем! – деді де, өңі бұзылып, трубканы тарс еткізіп іле салды. Сосын үнсіз-түнсіз тез киіне бастаған еді. Төсектен ұшып тұрған Жамал:
​– Жомартжан, не боп қалды? – деп абыржи сұрады.
​– Тұрып киініңдер де, дайын болыңдар! Шегарадан фашист армиясы өтіп кетіпті. Біздің полкте соғыс дабылы соғылғалы бес минут болған екен, – деп қысқа жауап қатты да, майор Жамалы мен Серігінің беттерінен сүйіп, киімдерін апыл-ғұпыл түзей салды да, үйден жүгіріп шыға жөнелді...
​Жамал мен Серік тез киінді де, үйдің ішін буып-түйе бастады. Жамалдың ойына әртүрлі қорқынышты күдіктер ұялай берді. Бұл қала шегарадан небәрі қырық-ақ километр жерде болатын. Шегарадан өтіп кеткен жау бірнеше сағаттан соң, осы қалаға, өздері тұрған зәулім биік үйлерге оқ атуы мүмкін. Сонда қайтпек? Жамал әрі ойлап, бері ойлап, Серікті атасы мен әжесінің қолынан алып келгеніне қатты өкінді. Жап- жас баласының ендігі күндері немен шектелмек? Көңілінде ешбір күдігі, ойында ешбір алаңы жоқ сәби енді жау оғынан бұқпантайлап, бас сауғалап жүрмек пе? Бұл қалай болғаны сонда? Жамал әлсін-әлі балконға шығып, полк тұрған казармаларға, зеңбірек алаңдарына, ат қоралар жаққа көз жіберді. Қайда болмасын абыр-сабыр, асығып-үсігіп қайшыласып жүгіріп жүрген солдаттар мен офицерлер. Терезелерден, балкондардан бастары қылтиып, жан-жағына күдіктене көз жіберіп тұрған офицер отбасылары, жай адамдар. Содан соң тұрып тың тыңдады. Қаланың әр жерінен соғыс дабылы, анда-санда саңқ-саңқ еткен офицерлердің бұйыра айқайлаған дауысы естіледі.
​Тыныштық құшағында мүлгіген осы көркем қаланы мұнша әбігерлендіріп, шырқын бұзған кім? Неге өшікті екен осынша? Керегі не оған?
​Жамал әлі қарап тұр сыртқа. Ендігі бір сәтте сапқа тізілген солдаттар, көсемдеп бірнеше ат жеккен зеңбіректер, ұшы-қиыры жоқ жүк тиеген мәшинелер, атты әскерлер көше-көшелермен қаланың батыс жағына қарай ағылып өте бастады. Серік те мамасының жанында осы жойқын көріністен көз алмай қарап тұрған-ды. Бала жүрегі де қауіпті сезгендей еді. Сонысын байқатып:
​– Папам үйге енді келе ме? – деп сұрады ол мамасына күдіктене қарап.
​– Келеді, жаным, келеді! – деп, жұбаныш айтып жауап қайырды, Жамал ұзақ-сонар ой соңында тұрып. Осыдан кейін екеуі біріне-бірі тіл қатқан жоқ, мамасы баласына, баласы анасына үнсіз қарай берді. Екеуі баяу басып, бірінің соңынан бірі еріп, үйге қайта кірді.
​Серіктің құлағына соғыс дабылы алыстан үзіліп-үзіліп келіп тұрды.
​Жомарт үйге келгенде, Жамал мен Серік буған теңнің үстінде үрпиісіп- үрпиісіп отырған-ды. Серік папасын көре сала орнынан ұшып тұрып, жүгіріп барып, оның мойнына асыла кетті. Майор оны екі бетінен алма- кезек сүйді де:
​– Жамал, біз аттанып барамыз. Қоштасайын деп бірер минутқа ғана келдім. Өте асығыспын. Командованиенің бұйрығы бойынша бүгін барлық офицерлердің отбасы кейін, тылға қарай көшіріледі. Көшіретін адамдар осында қалды. Бірақ қай жерге көшірілетіні белгісіз. Кейін хабарласамыз ғой. Әйтсе де, – деп сәл кідіріп, Жамалға қадала қарай бергенде, Жамал көзіне жас алып:
​– Жомарт, жолың болсын! Әлдеқандай уақыт болады, кім білсін. Мүмкін, соғыс ұзаққа созылар, біз елге қайтайық. Аман болсаң, келерсің. Хат жазып тұр, – деп Жомарттың құшағына кіре түсті.
​– Мен де соны айтайын деп тұр едім. Асылы, елге қайтқандарың жөн болар. Барлық туған-туысқандарға сәлем айт! – деді Жомарт та жарының сөзін мақұлдап. Серік папасы мен мамасына жаутаңдап қарай берді.
​Сөйтіп, отбасының да шырқы бұзылып, бірімен-бірі қоштасып, әке – майданға, шеше мен бала елге қарай жол тартты...
​Эшелон жол-жөнекей жиі тоқтап, әуе шабуылынан қорғанып келеді. Осы үш күндік сапарда шыққан жерінен онша ұзап та кете қойған жоқ. Күн сайын, сағат сайын әуе шабуылы жиілеп, бомбадан қираған вагондардағы адамдарды сау вагондарға ауыстырып, ал істен шыққан вагондарды кез келген разъезд, станцияларға тастап отырды.
​Бұл эшелондағы адамдардың көбі жаралы болатын. 
​Серігін құшақтап, нардың астында отырған Жамал қарсысындағы полк комиссары Савченконың әйелі Анна Ивановнаға ойлы пішінмен көз тастап, әлденені айтқысы келгендей қарай береді. Анна Ивановна да Борясының басын көкірегіне қысып, әлденеден қауіптенгендей, сыртқа құлағын сала тыңдап, вагонның есігінен көз алмай қарап отыр. Ересек балалар, әйелдер вагон есігінің тесіктерінен сығалап тұр.
​Көп кешіккен жоқ, жау самолеттерінің гуілі тағы өрши бастады. Эшелон жай жылжып келді де, бір жерге тоқтады.
Жоғарыдан естілген самолет моторларының мазасыз гуілі қара жерді қақ жаратындай боп қаһарлы үнге басты. Бір кезде әр жерден жарылған бомбаның гүрсілі естіліп, оған қоса самолеттерден пулемет оғы жауды. Ышқынып түскен бомбаның, ысқырып өткен оқтың зәрелі дауысы ғана​ естіледі.

 Эшелон жауған оқ, түскен бомбаның астында қалды. Серік көзін шарт жұмып, мамасының бауырына тығыла түсті.
​Далада жер төңкеріліп жатқандай, ұлардай шулаған үрейлі дауыс. Самолет моторларының гуілі басылу орнына, барған сайын үдей гулейді. Вагондағы жұрт түп-түгел үрейлі.
​Бір кезде бірнеше бомба жақын бір жерден жарылды да, вагондарды дірілдете-солқылдатып, шайқап толқытып жіберді. Сол-ақ екен, сырттан:
​– Вагоннан тез шығыңдар, эшелон өртенді. Тез шығыңдар! – деген бір еркек адамның ащы дауысы саңқылдай естілді.
​Соны күткендей боп әзір тұрған адамдар вагонның есігін жабылып ашып жіберіп, есіктен бірлеп-екілеп қарғи бастады. Жамал да Серікті қолынан жетектеп вагоннан жерге түссе, алдыңғы бірнеше вагон жанып жатыр екен. Жұрттың бәрі өкпе тұстағы шағын тоғайға қарай тым-тырақай боп жүгіріп кетіп барады. Жамал Серікті сүйрелей-мүйрелей отырып, вагоннан жүз метрдей ұзағанша, жау самолёттері эшелонды тағы да бомбалай бастады. Бірнеше бомба бірінен соң бірі эшелонның ұзын бойына қуалай түсті де, вагондардың астын-үстіне шығарды. Жұрт азан-қазан. Маңай лаулаған өрт. Будақтаған қою қара түтін мен қып-қызыл жалынға оранып эшелон жанып жатты.
​​Тылға тартып бара жатқан эшелонды әбден басынып алған жау самолёттері сол төңірекке қайта оралып, қарусыз ана, дәрменсіз балаларға енді тіпті жақыннан шүйіліп келіп, пулеметтен оқты бұрқырата жаудырды. Жанұшыра жүгірген жұрт әр жерге бір бассауғалап, зытып барады. Жау тіпті көзіне көрінген әрбір адамды оқтың астына алған болатын-ды...
​Жамалда ес жоқ. Екі өкпесін қолына алып, сүріне-қабына жүгіріп келе жатыр еді, бір самолет төмендей түсіп, оған оқты боратып жіберді. Ол баласын құшақтаған күйі бір шұңқырға етпетінен құлап түсті де:
​– Серігім! – деп дауыстап жіберді. Ышқына шықты үні. Шешесінің бауырында жатқан Серіктің оған жауап қатуға мұршасы келмеді. Ана үрейі баланы тіптен булықтырып жіберді.
​Не заматта Жамал есін жиғандай болып:
​– Серікжан, оқ тиген жоқ па, қарашығым?! – деді.
​– Жоқ, тиген жоқ! Мама, бұл жерден тез кетелік. Самолет тағы келіп қалады. Жүр, жүр, мама, – деп Серік мамасының бауырынан жұлқынып ұшып тұра келді де, оның қолынан тарта бастады. Бірақ мамасы жатқан орнынан тез тұра алмады. Әзер-әзер көтерілді. Ол екі-үш ұмтылып барып, қайтадан құлап түсті. Оқ тиген екен.
​Мамасына оқ тигенін Серік сонда ғана барып білді. Енді не істерін білмей сасқан бала жан-жағына жалтақтап, аңырып тұрып қалды. Бар қауқары: «Мама, тұр, тұр!» – деп қолынан тартқылай берді.
​Бір кезде Жамал ышқынып барып, екінші жақ жамбасына аунап түсті.
​Сол жерде Серік шешесінің қанға боялып жатқанын көріп шошып кетті.
​– Мама, ана ағаш ішіне жетелік, жұрттың бәрі соған барып тығылды. Мама, жүрші! – деді Серік тағы да, оң қолымен көзінің жасын сүртіп. Жамал тіл қатпады. Аузынан әлсіз үн, болымсыз дем шығады. Серік көгендеген қозыдай ешқайда кете алмай, шешесінің жанында жылап тұра берді.
​Жау самолеттері қайтып оралмады. Әлгінде ғана астан-кестен болған дүние бір сәт тынышталып, жым-жырт бола қалды.
​Маңайда жан жоқ. Екі-үш сағат өткеннен кейін Серік жылай-жылай дәрмені құрып, шешесінің бас жағына жүресінен отыра кетті.
​Жамал тағы бір сағаттай қиналып жатты да, жан тапсырды. Әкесі алдыңғы шепке аттанып, анасы далада қаза тауып, жас Серік бұрын аяғы баспаған алыс жерде тірі жетім боп, жалғыз қала берді. Қайда барады, не істейді, не күтіп тұр алдында? Бәрі оған мәлімсіз.
​Серік анасының қасынан кете алмай тұрған шақта, бір ағаштың түбінде толық денелі, орта бойлы, қою сары шашты, отыздың екеу-үшеуіне келген бір әйел отыр еді. Бұл полк комиссары Савченконың жұбайы, партия мүшесі Анна Ивановна Савченко болатын. Оның жанында ағашқа сүйеніп, он бір-он екілер шамасындағы ақ сары шашты, көк көзді жалаңбас бір ер бала тұр. Бұл сол Анна Ивановнаның Борис деген жалғыз ұлы болатын. Ол станция жаққа ағаш арасынан көз алмай ұзақ қарап тұрды.
​– Мама, ана жерде біреу отыр. Ол мұнда келіп неге тығылмайды? – деді. Анна Ивановна орнынан тұрып, баласының нұсқаған жағына қарап еді, шынында да ашық алаңда біреу отыр екен.
​– Мама, анау Серік қой! Танып тұрмын, Серік! – деді тағы да манадан бері одан көз алмай қарап тұрған Борис.
​Анна Ивановнаның басына енді: «Мұның шешесіне оқ тиген екен, сөйтіп, Серік оның жанынан кете алмай тұр екен» деген күдікті ой сап ете түсті. Бористің қолынан жетектеп алды да, Анна Ивановна солай қарай беттеді. Орманның шетіне келіп, анықтап қарап еді, әлгі отырған Серіктің дәл өзі екен. Анна Ивановна «жау самолеті көрінбей ме екен» дегендей, айнала аспанға бағдарлай қарап алды да:
​– Боря, сен осы жерде тұра тұр. Мен барып, не болғанын біліп келейін, – деді. Боря басын изеді. Анна Ивановна жедел басып Серіктің жанына келгенде, ол орнынан ұшып тұрып, Анна мен шешесіне алма-кезек қарап, егіліп жылап қоя берді.
​– Серік, неге жылайсың? Мамаң жаралы ма? – деп, Анна Ивановна Жамалдың бетіне үңіле қарап, тамырын ұстап көрсе, ол жан тәсілім еткен екен. Енді Анна Ивановна да не істерін білмей, Серіктің басынан сипап, аңырып тұрып қалды. Оның көз алдынан қара торы, толық денелі, қою, ұзын қара шашты, өзінің көршісі Жамалдың жарқын бейнесі кетпеді. Ол сол сүйкімді бейнені көз алдынан кетіргісі келмегендей, бір нүктеден көзін алмай қарап тұра берді. Сәлден соң бір шешімге келгендей Серікті бауырына қыса түсіп:
​– Серік, мамаң өлді. Мамаңды фашистер өлтірді! – деуі-ақ мұң екен, Серік тағы да тізерлеп отыра қалып, мамасының өлі денесін құшақтап, еңіреп жылап қоя берді. Анна Ивановна да егіліп тұр еді. Жамалдың бетін жасырып кеткісі келді, бірақ қалай жасырмақ?! Не қолында күрегі жоқ, не төңіректен еш нәрсе табар емес.
​Сөйткенше болған жоқ, алыстан самолет моторлары жер жара гуілдеп, тағы да жақындай түсті. Анна Ивановна дереу Жамалдың үстіндегі қанға боялған жаздық жұқа киімін шешіп алды да, денесіне айқара жапты. Қысылтаяңда қолынан бар келгені сол-ақ еді. Сосын:
​– Серік, жүр кетейік! Әне, фашист самолеттері тағы да ұшып келеді. Жүр, әне жерде Боря тұр, соған барайық, – деді ол Серіктің қолынан ұстап. Көзіне жас толған Серік мамасының денесінен көз алмай: «Бармаймын, осы арада боламын», – дегендей басын шайқап, орнынан қозғалмады.
​– Серік, мұның не? Жүр, мамаң өлді. Енді папаңды тауып алайық, – деді Анна Ивановна, оны мамасынан күдер үздіріп, ертіп әкетейін деген оймен. Сол арада жау самолеттері де қаптап кетті. Серік артына жалтақ- жалтақ қарап, Анна Ивановнаның соңынан еріп, бүлкектеп кете барды...

* * *

Командир Спижевой дүрбімен бет алыстағы биіктікті болжап отыр. Ағаш арасынан село үйлері ағарып-ағарып көрініп тұр. Бұл – өзі туып, жастық шағын сайрандап өткізген Григорьевка селосы. Бір кезде өзі асыр салып ойнаған селосы, міне, енді жау қолында. Сонда жетпіске келген кәрі анасы Софья Павловна мен өзінен үлкен апасы Надежда Ивановна тұрады... Күндіз жасырынып, түнде ғана барып ағайын-туғандарының үйлерінен тамақ ішеді. Фашистер селоға келісімен, оның әкесі Иванды асып өлтірген. Үйін өртеп жіберген. Софья Павловна мен Надежда Ивановна үйде жоқ болып, аман қалған. Сол күндерден бастап Емельян Демьянович Ломако, Сильвестер, Василий Горовенколармен бірге селода астыртын ұйым жұмысына басшылық етіп, ашық жүруді қойған. Кейіннен Переяслав, Канев аудандарындағы астыртын ұйымдарды ұйымдастырған, партизан отрядының бір бөлімшесін басқарып, міне, қазір екі отрядтан құралған ірі отрядтың бір батальонын басқарып, тосқауылда отыр. Ол дүрбісін жайлап селодан солға қарай бұрды да, бір шоқ қарағайға әкеліп тоқтатты. Бірлі-жарым көк киімділер көрінеді. Дүрбісін онан төмен сайға қарай жылжытып еді, топтанған қалың жау көрінді. Ол «мыналарды көріп тұрсың ба, жоқ па?» дегендей, дүрбісін сол жақтағы «Вовко мына шоқ қарағай ішінде» деп Иван Кузьмич айтқан шоқ қарағайға тіреді. Бірақ онан ешкімді көре алмаған соң, «әлде қателесіп басқа бір жерге қарап тұрмын ба» дегендей, дүрбісін көзінен алып, жай көзімен де қарап көрді. Жоқ, қателескен жоқ екен, сол шоқ қарағай, бірақ мықтап жасырынған болулары керек, ешкім көрінбейді. Спижевой енді дүрбісін қайта жау тобына бағыттады. Иә, көп-ақ. Дені көк киімділер, демек, көбі немістер – басқыншылар. Азы қара киімділер – сатылған ұлтшылдар, Отанын сатып басқыншыларға қолшоқпар болған – полицайлар. Олар жаудан да қауіпті. Өйткені олар жердің жағдайын жақсы біледі, тұрғын халықты әбден таниды. Олар ел үшін зор апат. Олардың айтуы бойынша, басқыншылар совет адамдарын атып-асып жатыр. Жау сайға көп аялдамады. Олар бері қарай ағылып келе жатыр. Жауды Спижевойдың қасында жапырақ арасында демдерін іштеріне тартып жасырынып тұрған Серік пен Борис те көріп тұр. Екеуі «командир келе жатқан жауды көрмей тұр ма» дегендей, Спижевойға қарап қояды.
​Міне, он шақты қара киімділер жақындап қалды. Тіпті орманның жиегіне де ілінді. Бірақ олар жұбын жазбай келе жатқан жоқ. Винтовкаларын кезеніп, бытырап, әрқайсысы әр жерден келіп, орман шетіне кірді. «Қарашы азғындарды, басқыншылар айдап салғанға аңша андыздап келе жатқанын! Батыр болса, сендерге дос болса, басқыншылардың өздері неге алға жүрмейді? Өздері бірінші болып орманға неге кірмейді?» деп тісін қайрап отыр Константин Иванович.
​«Жау орманға кіріп кетті, неге атпадық» дегендей, Серік командирге таңдана қарады. Константин Иванович «кіре берсін, оларды жігіттер ұстайды» дегендей, қолын сермей салды Серікке. Серік командир ойын түсінгендей болып, қайтадан алғы жаққа көз жіберді. Жақындап қалды. Серік пен Бористің неге оқ атпайды деп тағаты кете бастады. Константин Иванович Спижевой жиырманың төртеу-бесеуіндегі қара торы, бұйра шаш, денелі, сымбатты жігіт еді. Оның көркемдігіне ақылы сай, ұстамды, сабырлы командир. Партизан соғысы әдісін әбден меңгерген адам. Ол бұл айқастың жөн-жосығына қанық. Сондықтан ол уақыты жетпей қозғалмас...
​Жау көздеулі жерге келген кезде Константин Иванович ракетницасын ілгері қарай созды да, жауға қарай қызыл ракета тастады. Сол-ақ екен, пулеметтер үн қосты. Бірнеше жерден станкалық пулеметтері оқ боратып жатыр. Атылған пулемет, автомат, винтовка дауысына қол гранатасы көмекке келді. Осы бір төрт-бес минут ішінде орман жаңғырығып, аспан астын күңірентіп жіберді. Оқ астында қалған жау кейін қарай ойысты. Сол сәтте сол жақтан Вовко аттылары шыға келіп шегінген жауға тап берді. Жаудың ойдан бері шығып үлгере алмағандары сайды құлдилап Днепрге қарай бассауғалап барады. Осы жаналыс-жанберіс айқас үстінде командир Серікті пакетпен Вовкоға, ал Бористі оң қанаттағы Янцелевичке жіберді. Командирдің өзі пулеметшілерді оң қанатқа жылжытып, қашып бара жатқан жауды өкшелей атуға бұйрық беріп, Спижевой команда пунктінде қалды. Жан-жақтан еселей соққан партизандардың тегеурінді шабуылына төтеп бере алмаған жау кез келген жаққа бассауғалап, көбі оққа ұшты да, жартысы қолға түсті. Днепрге қарай ойысқан жау тобын оң қанаттағы Янцелевич партизандары жойып жіберді. Аттылар айқасы ұзаққа созылып, олардан бір взводтай жау құтылып, сол жақтағы қалың орманға өтіп кетті. Вовко аттыларынан он шақты адам оққа ұшып, біразы жараланды. Осы соғыста Серік қолынан жараланып, қара төбел ат оққа ұшты.
​Күн бата бұл соғысқа қатысқан партизан бөлімшелерінің бас-аяғы жиналып, көптеген қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлікті қолға түсіріп, елу сегіз тұтқынды лагерьге айдап әкелді.
​Келесі күні командирлердің ұсынуы бойынша байланыс жұмысында ерлік көрсетіп, ерекше көзге түскені үшін отряд командирі Серік Мергенбаев пен Борис Савченкоға партизандар сап алдында алғыс жариялап, екеуіне сыйлыққа автомат тапсырды...

Серік пен Борис Переяслав бағытынан барлаудан келе жатты. Барлауды ойдағыдай орындағандарына екеуі де өте көңілді еді. Зарубинцы селосы тұсында Днепр жағасымен жүруді қолайлы көріп, қалың жас шыбықты тоғайға келіп кірді.
​Днепрдің оң жағы биік, орманды келеді де, сол жағы аласа жазық, құмды болады. Майда құмға шыққан тал ит тұмсығы өткісіз қалың. Осы қалың тал тұтасқан бойы төмен қарай кете береді, кете береді. Жорыққа шыққан партизандар тобы бұл талды талай-талай тасалап келіп, жауға ойран салған. Соны жақсы білетін екі барлаушы тал арасынан жайбарақат жүріп келеді. Аспан айналып жерге түскендей. Күн тым ыссы-ақ. Луковец селосының тұсына келгенде Днепр жағасына шықпай, Днепрден тарамданып жатқан қара судан шөл басқылары келді де, екеуі жағаға қарай жақындады. Көлденең кездесе кеткен қара судан кезек барып, су ішіп, беті-қолдарын жуып салқындады да, тағы ілгері жүрді. Сол сәтте өзен жақтан дауыс естіліп, біреулер күлгендей болды. Екеуі тұра қалып, тың тыңдады да, талдың арасымен дауыс шыққан жерге келсе, екі адам суға түсіп жүр екен. Екеуі де еркек адам сияқты. Суда құлаштап малтып жүр.
​– Ұлтшылдар ғой, жайбарақат рақаттанып жүргендерін қарашы, жұрттың бәрі қолдарына қару ұстап күреске шыққанда! – деді Борис оларға кектене қарап.
​– Олар бізге қарсы соғысып жүрген жоқ па, қайта. Менің мына қолымды жаралаған осылар ғой. Боря, осылар жай ұлтшылдар емес, полицайлар болмасын? – деп күдіктенді Серік. Борис «болса болар» дегендей, жан-жағына сақтана қарай қалды. Сөйтіп тұрғанда сол жақтарында жуан талдың бұтағына іліп қойған көк мундир, ақ ішкі көйлектерді көрді. Талдың түбінде бір винтовка сүйеулі тұрғанын көріп, екеуі сасып қалды.
​– Полицай десек, мыналар нағыз жендеттердің өзі ғой, – деді Борис Серікке жалт бұрылып, Серік судағы малтып жүрген немістерге қарады. Екеуі су ортасына барып қалыпты. Арғы жақта біреу бір қол қайықпен әуреленіп жүр. Бұлар қайық шақырып, арғы жақтағы Луковец селосына өту үшін қайық күтіп, суға түсіп жүрген неміс солдаттары екенін бірден түсінді барлаушылар. Серік пен Борис: «Маңайда тағы біреулер бар ма», – деп төңіректі шолып шықты. Ешкім жоқ екен. Киім-кешектерін алып кету керек пе, жоқ әлде, күтіп жатып, өздерін атып кету керек пе? Екеуі осы жағын ойласты.
​– Сережа, винтовкалары мен киім-кешектерін алып кетейік, олар қайта малтып келгенше талай жерге барып қаламыз, – деген ұсыныс жасады Борис. Серік су жаққа бір қарап қойды. Жау киімдері жатқан жаққа тағы көз тастады. Содан соң сәл ойланып тұрып:
​– Қаруларын алайық та, өздерін бері судан шыққан соң, атып кетейік, – деді жігерлене сөйлеп.
​– Командир «оқ атпаңдар» дегені қайда? – деп қалды Боря.
​– «Оқ атпа» дегенде тапсырманы орындап болғанша оқ атпау керек. Енді лагерьге жақындап келіп қалғанда несіне қауіптенеміз. Өздерін атпай киімдері мен қаруларын алып кетсек, анадағыдай партизандар бізге күледі ғой. Мас полицайды қолын артына байлап алып барғанымызда «Борис пен Сережа мас боп ұйықтап жатқан жауға батыр» деп күлгені қайда. Онан да екеуін де судан шығармай атып кетейік. Екеуіміз екеуін екі-ақ тартамыз, – деді Серік автоматына қарап қойып. Борис келіскендей болып: «Давай!» деді. Борис әрқашанда бір нәрсе істер алдында сөзінің дағдысы осы «давай» болатын. Екеуі дереу еңбектеп барып, жаудың винтовкасы мен киім-кешектерін құшақтап алып, тал ішіне алып келді де, кешікпей қайта шықты. Бұл кезде немістер қайта малтып келе жатыр еді. Екеуі бір жуан талдың түбіне жасырынып тұра қалды. Серік Бористің беліндегі пистолетті көріп, қуанып кетті. Борис Серіктің құлағына аузын тақап:
​– Біреуінің белбеуінде екен. Демек, бұлардың бірі – офицер, – деп сыбырлады. Екі бала автоматтарын тексеріп, алдарына төніп тұр. Екі жендет судан шықпай жатып, автомат оғының астында қалды. Днепрдің ашулы толқыны «тағы атыңдар мына жендеттерді» дегендей, екі арам денені жиекке итеріп тастап қайтып кетті. Әлде оқ тимей әдейі жатыр ма деп қалған Серік жақындап барып, автоматтан тағы оқ атты. Арғы жақта қол қайық маңында амалсыздан күйбеңдеп жүрген адам селоға қашып бара жатты. Серік пен Борис тоғайға кіріп, жоқ болды...
​Бір жолы барлаудан барлаушылармен бірге келе жатып, Серік «Белое озеро» деген орманшаруашылығындағы құс бағып жүрген балаларға кездесіп, олармен мұңдасқан болатын. Бұлар бұрынғы Переяслав балалар үйінің балалары еді. Оларды басқыншылар келіп қалған кезде кейін шығысқа қарай алып кетуге үлгере алмаған. Переяслав пристанында кемеге тиеп әкеткелі жатқанда, неміс сойқандары келіп қалып, балалар тәрбиешілерімен бірге басқыншылардың қолына түсті. Оларды жаяу Переяслав қаласына айдап келді. Сарайға қамап қойды. Тәрбиешілерді балалардан, балаларды тәрбиешілерінен айырды. Балалар сарайда қалды. Он күн ішінде балалар аштықтан жүдеп кетті. Оның үстіне «большевиктердің» әдейі құрметтеп тәрбиелеп жатқан «кішкене большевиктері» деп оларды ұрды, соқты. Кейіннен сарайға азамат киімді екі жуан қарын неміс келді. Балалардың жартысын іріктеп солар алып кетті. Қайда алып кеткенін ешкім білмеді. Қалғандарының ересектерін Киев қаласына жөнелтті, кішкентайларын осы «Белое озероға» бұрынғы бір деревняның құсын алып келіп, соны бақтырып қойды. Бұл – Переяслав комендантының азығы. Балаларды алғашқыда жаралы бір неміс офицері басқаратын еді, соңынан ол кетіп, екі полицай басқаратын болды. Қайсысының болмасын балаларға таяғы жұмсақ тиген жоқ. Күніне екі рет қара нан мен қара су ішіп, жиырма екі бала құс бақты. Әрбір өлген, жоғалған балапан үшін олардың барлығына бірдей дүре соқты. Отырса басқа, тұрса аяққа сабады. Осы жайды балалардың өз аузынан естіген Серік оларды аяйтын. Оларға жаны ашитын. Әттең, шамасы келсе, босатып алғысы да келетін. Бірақ Серік тым құрығанда топ командирі де емес қой. Ол – жай барлаушы. Балалардың әңгімесін ол жалғыз ғана естіген. Онан басқа барлаушылар ағашшаруашылығының төңірегіне арнаулы тапсырмамен келіп кеткен. Олар балалар жайында, құс фермасы жайында да хабарсыз. Ол туралы білуге уақыттары да жоқ болатын. Серікке барлық жайды айтып берген он бір-он екілерге келген ашаң, ақ сары бала. Ол барлығын жыламсырап, кішкентай кеудесін кере күрсініп отырып айтқан еді.
​«Партизансыңдар ғой, партизандарда сен сияқты балалар көп пе? Қашып шықсам, сендерді таба аламын ба? Партизандардың бастығы мені қабылдап ала ма?» – деген шашы жалбыраған таңқы танау ақ сары баланың сөздері, оның қырылдаған қоңыр дауысы Серіктің құлағынан ешқашан кетер емес... Серік бір күні бос уақытын пайдаланып, отряд штабына келді. Штабта Иван Кузьмич жалғыз отыр екен. Серікті көрді де: «Амангелді, бері кел. Жараң жазылды ма? Дәрігерге көрсетіп жүрсің бе?» – деп сұрақты үсті-үстіне қойып, оны өз жанына шақырып алды. Серік командирдің жанына жақын келіп:
​– Жарам жазылып кеткен, – деп жеңін шынтағына дейін түріп, жарасының қара қотырланып тұрған орнын көрсетті.
​– Е, шынында жазылып кеткен екен, – деп, командир қуанып қалды. – Неге келдің? Лагерьде ұзақ жатып қалып жалықтың ба? – деп, Иван Кузьмич Серікті жанына отырғызып, арқасынан қағып қойды. Серік біраз ойланып отырды да, әкесіндей жақсы көретін командиріне «Белое озеро» оқиғасын түгел айтып берді. «Не дер екен» дегендей, Иван Кузьмичке қарақаттай қара көзін сұраулы пішінмен қадай қойды. Серіктің көкейтесті ойын түсіне қойған командир:
​– Оларды босатып, отрядқа алып келеміз. Оған сен де барасың. Гриша Спижевойдың тобын лагерьге келісімен жіберемін, – деді. Серік қуанғанынан орнынан атып тұрды да, белбеуін түзеп, кетуге ыңғайланып, кәдімгі солдаттарша:
​– Кетуге рұқсат етіңіз! – деп саңқ ете түсті. Иван Кузьмич жымиып күлді де:
​– Бара беруіңе болады, – деп, сол жағына әскери адамша оқыс бұрылып кетіп бара жатқан Серіктің соңынан қарап қала берді. Серіктің ерлігі, Серіктің тапқырлығы, қырағылығы оны бұрыннан да қатты сүйсіндіріп жүретін. Әлгіндегі сөзі, қимылы тағы да ұнай түсті, сондықтан бала тілегін қалай да орындауға бел байлады.
​Сол күні Григорий Спижевойдың тобы жорықтан келді де, ертеңінде түс ауа «Белое озероға» шығып кетті. Топ алдында қарт партизан Семен Григорьевич Власенконың жанында Серік те кетіп бара жатты...

3-тапсырма. Берілген кестені толтырыңдар.

Қасым Қайсенов
Өмірбаяны Ерлік істері Шығармашылық мұрасы
Құрылымы Оқиғасы Кейіпкерлері

5-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріп, оқиға ретімен баяндаңдар.

Серік пен Борис Днепр өзенінде жендеттерге қарсы қалай әрекет етті?
Олар қай жаққа қоныс аударды?
Серік құс фермасындағы балаларға қандай көмек көрсетті?
Анасы екеуінің қоныс аударуына не себеп болды?
Серік пен Борис барлауда қандай оқиғаға кездесті?
Соғысқа дейін Серік қайда тұрды?
Барлаудан қайтып келе жатқанда кімдерге кездесті?
Ойын баласы Серіктің ерте есейюіне не себеп болды?

 6-тапсырма. Берілген үзіндідегі табиғат пейзажын сипаттайтын сөз тіркестерді тауып жазыңдар. Мысалы: орманды, құмды, ит тұмсығы өткісіз қалың ...

Днепрдің оң жағы биік, орманды келеді де, сол жағы аласа жазық, құмды болады. Майда құмға шыққан тал ит тұмсығы өткісіз қалың. Осы қалың тал тұтасқан бойы төмен қарай кете береді, кете береді... Аспан айналып жерге түскендей. Күн тым ыссы-ақ. Луковец селосының тұсына келгенде Днепр жағасына шықпай, Днепрден тарамданып жатқан қара судан шөл басқылары келді де, екеуі жағаға қарай жақындады.

7-тапсырма. Берілген үзіндідегі асты сызылған сөздердің мағынасын түсіндіріңдер. Бұл сөздердің шығарма оқиғасын дамытуға қалай әсер етіп тұрғанын айтып беріңдер.

Шырт ұйқыда жатқан Серік төрдегі үстел үстінде тұрған телефонның безектей шылдырлаған дыбысынан кенет оянып кетті. Бір аунақшып түсіп, басын көтеріп алып еді, папасы телефон трубкасын құлағына тосып тұр екен.

– Тыңдап тұрған майор Мергенбаев, – деп келте сөйлеген папасы лезде: – Солай ма?.. Қазір жетем! – деді де, өңі бұзылып, трубканы тарс еткізіп іле салды.

10-тапсырма. Шығармадағы Гитлер басқыншылары мен сатқын полицайлардың бейнесін автордың қалай бергеніне назар аударыңдар. Олардың қарапайым халыққа көрсеткен зорлық-зомбылықтары туралы (хрестоматиядағы мәтінді пайдалана отырып) баяндап беріңдер.

11-тапсырма. Берілген үзіндіні оқып, Серік пен Боряға қандай ерліктері үшін алғыс жарияланғанын айтып беріңдер.

Келесі күн командирлердің ұсынуы бойынша байланыс жұмысында ерлік көрсетіп, ерекше көзге түскені үшін отряд командирі Серік Мергенбаев пен Борис Савченкоға партизандар сап алдында алғыс жариялап, екеуіне сыйлыққа автомат тапсырды.

12-тапсырма Партизандар қандай маңызды тапсырмаларды орындап жүр? Серік пен Борис сияқты жасы кіші балалар партизандарға қалай көмектесті? Шығарманың сюжетін дамытып жазыңдар.

1-мәтін
2-мәтін

1. Жамал қайтыс болғаннан кейін Серікке кімдер көмектесті?

2. Серіктің жер бедерін жақсы білетін қасиетін партизандар қалай пайдаланды?

3. Фашист басқыншылары мен сатқын полицайлардың халыққа жасаған зорлығын автор қандай сюжеттерде көрсетеді?

4. Серік пен Бористің ерлік істері туралы өз ойларыңды білдіріңдер.

5. Олардың жаумен айқасқан сәттерін баяндап беріңдер.

Серік пен Бористің ерлік істері туралы өз ойларыңды білдіріңдер. Олардың жаумен айқасқан сәттерін баяндап беріңдер.

3-мәтін

15-тапсырма. Топқа бөлініп, «Соғыс зардаптары», «Бейбіт өмір салтанаты» деген тақырыптарда пікірлесіңдер. Пікірлескенде қазіргі кездегі әлем жаңалықтарын пайдалануға болады.

16-тапсырма. «Жау тылындағы бала» повесінің көркемдік құндылығы туралы эссе жазыңдар. Эсседе адамдар арасындағы адамгершілік пен Отан алдындағы борыш мәселесін талдаңдар. Отан үшін, жер үшін жасалған ерлік істердің ұмытылмайтыны туралы өз ойларыңды білдіріңдер.

1-мәтін. Мәтінді тыңдап, Жамалдың күдігі мен қорқынышын білдіретін сөздерді теріп жазыңдар. Жамал не себепті осындай ойда тұрғанына назар аударыңдар. Уақыт мөлшері: 10 минут.

2-мәтін. Мәтінді тыңдап, ана мен баланың қарым-қатынасына назар аударыңдар. Бала Серіктің есею сәтіндегі оқиғаны баяндап беріңдер. Уақыт мөлшері: 10 минут.

3-мәтін. Мәтінді тыңдап, Серіктің мінезіне баға беріңдер. Серік не үшін қуанды? Оның бойынан қандай адамгершілік қасиетті байқадыңдар? Уақыт мөлшері: 10 минут.

Қосымша тапсырмалар. 1-сабақ

Сенің меңгеретінің:

– шығарма сюжетінің құрамдас бөлшектерін талдайсың.

  • Екінші дүниежүзілік соғысындағы балалардың өмірі туралы
  • Бірінші дүниежүзілік соғыс туралы
  • Соғыстан кейінгі жылдардағы балалардың тағдыры туралы
  • Отызыншы жылдардағы ауыл балаларының тағдыры
  • Соғыстан кейінгі жылдардағы балалардың бастан кешкендері
  • Ұлы Отан соғысы кезінде Украина жерінде, жау тылында, партизандар қатарында болған он жасар қазақ баласының басынан кешкен қилы-қилы өмір соқпақтары.
  • Жамалдың бетін ағаш бұтақтарымен жасырады.
  • Жамалдың үстіндегі қанға боялған жаздық жұқа киімін шешіп алып, денесіне айқара жабады.
  • Көк шөппен жасырады.
  • Софья Павловна, Надежда Ивановна
  • Анна Ивановна, Боря
  • Полк комиссары Савченко
  • Фашистер селоға келісімен, оның әкесі Иванды асып өлтірген. Үйін өртеп жіберген...
  • Дені көк киімділер, демек, көбі немістер – басқыншылар. Азы қара киімділер – сатылған ұлтшылдар, Отанын сатып басқыншыларға қолшоқпар болған – полицайлар.
  • Қайсысының болмасын балаларға таяғы жұмсақ тиген жоқ. ...Әрбір өлген, жоғалған балапан үшін олардың барлығына бірдей дүре соқты. Отырса басқа, тұрса аяққа сабады.
  • Жамал да Серіктің қолынан жетектеп вагоннан жерге түссе, алдыңғы бірнеше вагон жанып жатыр екен. Жұрттың бәрі өкпе тұстағы шағын орманға қарай тым-тырақай боп жүгіріп кетіп барады.
  • Екеуі су ортасына барып қалыпты. Арғы жақта біреу бір қол қайықпен әуреленіп жүр. Бұлар қайық шақырып, арғы жақтағы Луковец селосына өту үшін қайық күтіп, суға түсіп жүрген неміс солдаттары екенін бірден түсінді барлаушылар.
  • Шырт ұйқыда жатқан Серік төрдегі үстел үстінде тұрған телефонның безектей шылдырлаған дыбысынан кенет оянып кетті. Бір аунақшып түсіп, басын көтеріп алып еді, папасы телефон трубкасын құлағына тосып тұр екен.

2-сабақ

Сенің меңгеретінің:

– туындыдағы тұлғалық болмысты гуманистік тұрғыдан талдайсың;

– шығармадағы кейіпкерлердің типтерін жасалу тәсілдері тұрғысынан анықтайсың.

  жиырманың төртеу-бесеуіндегі қара торы, бұйра шаш, денелі, сымбатты жігіт еді. Оның көркемдігіне ақылы сай, ұстамды, сабырлы командир.

Оның көз алдынан қара торы, толық денелі, қою, ұзын қара шашты, өзінің көршісі  жарқын бейнесі кетпеді.

  • Балалардың ерте есейгендері үшін
  • Байланыс жұмысында ерлік көрсетіп, ерекше көзге түскені үшін
  • Жер бедерін жақсы білетін қасиеттері үшін

Сол күндерден бастап Емельян Демьянович Ломако, Сильвестер, Василий Горовенколармен бірге селода астыртын ұйым жұмысына басшылық етіп, ашық жүруді қойған. Кейіннен Переяслав, Канев аудандарындағы астыртын ұйымдарды ұйымдастырған, партизан отрядының бір бөлімшесін басқарып, міне, қазіргі кезде ол ірі отрядтың бір батальонын басқарып, тосқауылда отыр.  

Азы қара киімділер – сатылған ұлтшылдар, Отанын сатып басқыншыларға қолшоқпар болған – полицайлар. Олар жаудан да қауіпті. Өйткені олар жердің жағдайын жақсы біледі, тұрғын халықты әбден таниды. Олар ел үшін зор апат. Олардың айтуы бойынша басқыншылар совет адамдарын атып-асып жатыр.  

Оларды жаяу Переяслав қаласына айдап келді. Сарайға қамап қойды. Тәрбиешілерді балалардан, балаларды тәрбиешілерінен айырды. Балалар сарайда қалды. Он күн ішінде балалар аштықтан жүдеп кетті.  

  • Жауды Спижевойдың қасында жапырақ арасында демдерін іштеріне тартып жасырынып тұрған Серік пен Борис те көріп тұр. Екеуі «командир келе жатқан жауды көрмей тұр ма» дегендей, Спижевойға қарап қояды.
  • Серік пен Борис Переяслав бағытынан барлаудан келе жатты. Барлауды ойдағыдай орындағандарына екеуі де өте көңілді еді.
  • Екі бала автоматтарын тексеріп, алдарына төніп тұр. Екі жендет судан шықпай жатып, автомат оғының астында қалды. Днепрдің ашулы толқыны «тағы атыңдар мына жендеттерді» дегендей, екі арам денені жиекке итеріп тастап қайтып кетті.

Бір жолы барлаудан барлаушылармен бірге келе жатып, Серік «Белое озеро» деген орманшаруашылығындағы құс бағып жүрген балаларға кездесіп, олармен мұңдасқан болатын. Бұлар бұрынғы Переяслав балалар үйінің балалары еді. Оларды басқыншылар келіп қалған кезде кейін шығысқа қарай алып кетуге үлгіре алмаған. Переяслав пристанында кемеге тиеп әкеткелі жатқанда, неміс сойқандары келіп қалып, балалар тәрбиешілерімен бірге басқыншылардың қолына түсті. Оларды жаяу Переяслав қаласына айдап келді. Сарайға қамап қойды. Тәрбиешілерді балалардан, балаларды тәрбиешілерінен айырды. Балалар сарайда қалды. Он күн ішінде балалар аштықтан жүдеп кетті.

  • 1. Серік әкесіндей жақсы көретін командиріне «Белое озеро» оқиғасын түгел айтып берді.
  • 2. Ол балалар жайында, құс фермасы жайында Бориске айтады.
  • 3. Әлде оқ тимей әдейі жатыр ма деп қалған Серік жақындап барып, автоматтан тағы оқ атты.

3-сабақ

Сенің меңгеретінің:

– шығармадағы автор бейнесін анықтайсың;

– шығармадағы оқиға желісін өзіндік көзқарас тұрғысынан дамытып жазасың.

 «Бабалар ізі». Қ.Қайсенов туралы

 Қасым Қайсенов  туралы  «Бабалар ізі»  бейнематериалын көріп, қаламгердің қаламынан туған туындыларын белгіле.

  • «Жас партизан», «Жау тылында», «Днепрде»
  • «Карпаттан асу», «Аспанға қайтып оралу»
  • «Шығыс жотасына шабуыл»
  • «Партизан соқпақтары»
  • «Мәңгілік ел алыптары»
  • «Қасым»
  • Украина жеріндегі он жасар қазақ баласының өмірі туралы жолдастарына баяндап бергенде: «Жазсаңшы осыны, балаларға мұндай жағдайды білудің өзі бір сабақ емес пе? Жаз, оқысын замандастарың», – дейтін еді.
  • Партизандық өмірін және басынан кешкендерді баяндайды.
  • Партизандық өмір жолын, ерлік істерін арқау етеді.
  • ...жиырманың төртеу-бесеуіндегі қара торы, бұйра шаш, денелі, сымбатты...
  • ...толық денелі, орта бойлы, қою сары шашты, отыздың екеу-үшеуіне келген...
  • ... қара торы, толық денелі, қою, ұзын қара шашты...

Днепрдің оң жағы биік, орманды келеді де, сол жағы аласа жазық, құмды болады. Майда құмға шыққан тал ит тұмсығы өткісіз қалың. Осы қалың тал тұтасқан бойы төмен қарай кете береді, кете береді. Жорыққа шыққан партизандар тобы бұл талды талай-талай тасалап келіп, жауға ойран салған. Соны жақсы білетін екі барлаушы тал арасынан жайбарақат жүріп келеді. Аспан айналып жерге түскендей. Күн тым ыссы-ақ. Луковец селосының тұсына келгенде Днепр жағасына шықпай, Днепрден тарамданып жатқан қара судан шөл басқылары келді де, екеуі жағаға қарай жақындады. Көлденең кездесе кеткен қара судан кезек барып, су ішіп, беті-қолдарын жуып салқындады да, тағы ілгері жүрді.

  • Кейіпкер образын толықтыра түсу үшін
  • Жазушының көңіл күйін, сезімін аңғарту үшін
  • абиғаттың әсем көрінісін таныту үшін

4-сабақ

Сенің меңгеретінің:

– шығармадағы көркемдегіш құралдардың қолданысын талдайсың;

– әдеби жанр түрлерінің даму барысына, жаңашылдығына заманауи тұрғыдан баға бересің.

  • – Папам үйге енді келе ме?
  • – Жомартжан, не боп қалды?
  • Тыныштық құшағында мүлгіген осы көркем қаланы мұнша әбігерлендіріп, шырқын бұзған кім? Неге өшікті екен осынша? Керегі не оған?

«Серік көгендеген қозыдай ешқайда кете алмай, шешесінің жанында жылап тұра берді», – деген сөйлемдегі тілдік бейнелеу, суреттеу құралын анықта.

  • жылап тұра берді
  • көгендеген қозыдай
  • ешқайда кете алмай

– Серік, неге жылайсың? Мамаң жаралы ма? – деп, Анна Ивановна Жамалдың бетіне үңіле қарап, тамырын ұстап көрсе, ол жан тәсілім еткен екен.

  • жан тапсырды, қайтыс болды, қаза тапты
  • жаны кірді, жаны мұрнының ұшына шықты
  • жаның шыққыр, жаны бар, жан сауғалады
  • Майда құмға шыққан тал ит тұмсығы өткісіз қалың.
  • Соны жақсы білетін екі барлаушы тал арасынан жайбарақат жүріп келеді.
  • Күн тым ыссы-ақ.
  • эпос
  • лирика
  • драма
  • Осы соғыста Серік қолынан жараланып, қара төбел ат оққа ұшты.
  • Серіктің ерлігі, Серіктің тапқырлығы, қырағылығы оны бұрыннан да қатты сүйсіндіріп жүретін.
  • Осы жаналыс-жанберіс айқас үстінде командир Серікті пакетпен Вовкоға, ал Бористі оң қанаттағы Янцелевичке жіберді.

Пікір. Туындының жаңашылдығы туралы ойыңды бір сөйлеммен жаз.  

Дәлел. Өз пікіріңе дәлел келтір.  

Мысал. Пікіріңді тарихпен байланыстырып, мысал келтір.  

Қорытынды. Жаңашылдығы туралы қорытынды жаз.

Өзіңді-өзің бағала

«Қызыл-сары-жасыл» әдісімен өзіңді-өзің бағала.

Қызыл: Мен түсінбедім.

Сары: Мен біраз түсіндім, бірақ әлі сұрақтарым бар.

Жасыл: Мен бәрін түсіндім және тапсырманы орындай аламын.