Параграф 4.5 (Қазақ әдебиеті. 7-сынып)

ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВ

Қасым Қайсенов (1918–2006)

Қазақ әдебиетінде Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған шығармалар көп. Қазақ халқы бұл соғыста көптеген асыл азаматтарынан айырылды. Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін қыршынынан қиылып, мерт болған алдыңғы буын ата-апаларымызға мың тағзым.

Иә, Ләйлә, қазақ халқынан шыққан батыр бабаларымыз бүгінгі ұрпақ жадында мәңгі қалады. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сияқты апаларымыз да ерлермен қатар қолдарына қару алып, елімізді қорғады. Солардың ішінде соғыс қиыншылығын көзімен көріп келіп, кейіннен жазушы ретінде сұрапыл жылдар шындығын ақ қағазға түсіріп қалдырған Бауыржан Момышұлы, Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Қасым Қайсенов және тағы басқа аталарымыз да бар.

Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында дүниеге келген.  1941 жылы қараша айында әскери-барлау мектебін бітіре салысымен, Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіледі. Молдавия, Украинаның Закарпатье бөлігі, Чехословакия және Румыния жеріндегі ұрыстарға қатысады. 1945 жылдың басында Отанына оралып, ел игілігіне қызмет етеді.
​Ардагер-партизан көп уақыт бойы «Жазушы» және «Қайнар» баспаларының редакторы, бас редакторының орынбасары болған. 1954 жылы Қ.Қайсенов «Жас партизандар» атты алғашқы кітабын басып шығарды. Оның «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында» атты кітаптары оқырмандарға кеңінен танымал. Олар орыс және украин тілдеріне аударылған.

Қасым Қайсеновтің ерлік істеріне арналған көптеген көркем шығармалар мен деректі кітаптар бар. Майдангер жазушының соғыс кезіндегі ерлігіне арналған «Қасым» деген фильм жарық көрді.

«Қасым» фильмінен үзінді

1-тапсырма. Қасым Қайсенов туралы баяндама жасаңдар. Баяндамада ардагер жазушының өмірі мен шығармашылығын, және партизан ретінде жасаған ерліктерін ашып жазыңдар.

2-тапсырма. Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» повесін хрестоматиядан оқыңдар.

Өзіңді-өзің бағала

«Деңгейлік бағалау» әдісімен өзіңді-өзің бағала.

Бастапқы деңгей: Мен тапсырманың негізін түсінемін.

Орташа деңгей: Мен тапсырманы өз бетіммен орындай аламын.

Жоғары деңгей: Мен тапсырманы толық әрі сапалы орындадым және оны түсіндіре аламын.