КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕРЛЕР
«Жәдігер» сөзі ескіден қалған мұра, көне құндылық дегенді білдіреді. Құндылықтар рухани құндылық және материалдық құндылық деп екіге бөлінеді. Әдеби жәдігерлерге көне заман әдебиетінің мұралары жатады. Әдеби жәдігер – рухани құндылық. Олай болса, халық ауыз әдебиетінен бастап, әдебиет тарихының әр кезеңіндегі көне көркем шығармалардың барлығы әдеби жәдігерге жатады. Солардың ішінде лиро-эпостық жырлардың алар орны ерекше.
Иә, Нұрасыл, лиро-эпостық жырлардың батырлар жырынан айырмашылығы – сезімге, махаббат тақырыбына құрылады. Лиро-эпостағы басты тартыс батыр жігіттің сүйген қызына қосылуы үшін болады. Лиро-эпостық жырларда халықтың тұрмысы мен салт-дәстүрі, наным-сенімі мен әдет-ғұрпы көбірек суреттеледі. Екі жастың бір-біріне деген сүйіспеншілігін жырлайтын эпостарда махаббат сезіміне өртенген қыз бен жігіттің қосыла алмай, трагедияға ұшыраған тағдыры баяндалады. Әдетте, олардың бақытына кедергі болатын нәрсе – ата-аналардың қарсылығы немесе қызға ғашық басқа жігіттің жауыздығы, иә болмаса екі рудың араздығы.
Қазақ халқының көне әрі өте көркем жырларының бірі – «Қыз Жібек». Жыр ерте заманда туып, Қазақ хандығы тұсында айтыла бастаған. Жыр нұсқалары арасында айырмашылық аз. Тұңғыш рет Е. А. Александров Мұсабай ақыннан жазып алып, мазмұнын орысшаға қара сөзбен аударған (1880 ж.). XIX ғасырдың екінші жартысында татар мұғалімі Фалиолла Тухватуллин Зайсан өңірінен «Қыз Жібек» жырын жинап, 1894 жылы Қазанда бастырған. Сондай-ақ Жүсіпбек Шайхысламұлы Қазан қаласында 1900, 1903, 1905, 1909, 1911 жылдары қазақ тілінде жариялаған. «Қыз Жібектің» Тухватуллин жинаған нұсқасы 1925, 1933, 1939, 1957, 1967 жылдары басылып шығып, 1958 жылы «Қазақ эпосы», «Казахский эпос» жинақтарында, 1963 жылы «Қыз Жібек» деген атпен қазақ, орыс тілдерінде жарияланды. 1988 жылы орыс тілінде жеке кітап болып шықты. Жырдың төрт нұсқасы «Бабалар сөзі» көптомдығының 53-томында жарияланған.

«Қыз Жібек» жырында қазақ халқының өмірі, тұрмысы, кәсіп- тіршіліктері, салт-санасы, елдік, ерлік істері, ар-ожданы мен арман-мақсаты қызықты әрі көркем жырланады. Жыр мазмұнында Базарбай байдың Төлеген атты ұлы 16 жасқа толғанда өзіне жар іздеп, көп сұлудың арасынан Сырлыбай ханның Жібек атты қызын ұнатқандығы айтылады. Үш ай Сырлыбай ханның елінде болған Төлеген өз еліне қайтпақ болып, сапарға шығады. Бірақ Жібекті қызғанып, жол тосқан Бекежан қапыда Төлегенді өлтіріп, қазасын Жібекке өзі келіп естіртеді. Сол үшін Бекежан өлім жазасына кесіледі. Жырдың 2-бөлімінде хабарсыз кеткен Төлегенді іздеп шыққан інісі Сансызбай қалмақ ханы Хоренді өлтіріп, Шекті елін жаудан азат еткендігі айтылады.
1971 жылы Ғабит Мүсіреповтің сценарийі бойынша Сұлтан Қожықов «Қыз Жібек» фильмін түсірді. Төлеген мен Жібек рөлдеріне Құман Тастанбеков және Меруерт Өтекешева таңдалды.

Ғалым пікірі
«Қыз Жібек» жыры – көп заманнан бері ел аузында сақталып келген жыр-эпос. Ол – қазақтың романтикалық, ғашықтық жырлары ішіндегі ең көркемі әрі көлемдісі.
...«Қыз Жібек» жыры болған оқиға негізінде туындаған, бірақ дәл қай кезде пайда болғанын кесіп айту қиын. Шамамен айтқанда, «Қыз Жібек» жыры ХVII ғасырда туғанға ұқсайды.
...Жырда қоштасу, естірту, жоқтау, арыздасу сияқты салт өлеңдері көп. Осының бәрі жырдың лирикалық қуатын күшейткен. Оқиғаның қызықтылығы мен лиризмі бұл жырдың мазмұнын, композициясын көркейтеді.
Мұхтар Әуезов
Халықтық шығармаларда халық тарихы мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы көркем бейнеленеді. Мысалы, «Қыз Жібек» жырында айтыстың бірнеше түрі кездеседі және естірту, әмеңгерлік1 сияқты салт-дәстүрлер бар.
Оқулықта берілген тапсырмаларды және басқа да дереккөзді пайдалана отырып орындаңдар. Дереккөз ретінде энциклопедияларды, зерттеу еңбектерін, ғаламтордың деректерін ала аласыңдар.
Ғалым пікірі
Сөйлетудің бір қысқа түрі – айтыс. Жырда айтыс төрт жерде келеді. Мұның бәрі де қара өлеңмен айтылады. Бірақ мазмұны, қызметі жағынан бұл айтыстар бір-біріне ұқсамайды. Алғашқы айтыс Қаршығаның шатырдағы жағалбайлы жігіттерімен тілдесуіне арналған. Бұл – қуанышты хабарды білдірген айтыс. Екінші жолы Төлегеннің Сырлыбайға жолыққан жерінде қолданылады. Мұнда айтыс құда түсу ниетін білдіреді. Үшінші жолы айтыс түрін Бекежан қолданып, Төлегеннің өлгенін естіртеді. Бұл – қаралы естірту. Төртінші жолы айтыс Шеге мен Жібек арасында жүреді. Бұл қуанышты хабарды білдіреді.
Мұхтар Әуезов
1-тапсырма. Қазақ халқының көне жәдігерлері дегеніміз не? Әдеби жәдігерлерге жататын шығармалар туралы өз пікірлеріңді білдіріңдер.
1 әмеңгерлік – күйеуі қайтыс болған әйелдің күйеуінің бір туысына тұрмысқа шығуы
Көркем шығарманың адамзат тарихында алатын орны ерекше. Адамның жан дүниесі көркем шығарманы оқи отырып байиды, адам әрбір шығарманы оқыған сайын рухани қорын толықтырып отырады.
Әр сөздің өзіндік орны бар. Сөзді орынды пайдалана білу – сөздің мәні. Тілді бөтен сөзбен былғамай, таза сөйлеу – адамның білімі мен сөз байлығының көрсеткіші.
Шығарма кейіпкері – көркем шығармада суреттелетін оқиғаға қатысушы адам, әдеби образ. Әдеби образ – шығармадағы көркем бейне.
Шығарманың қаһарманы – көркем шығармада жан-жақты толық суреттелетін, негізгі тұлға, басты кейіпкер.
Әдеби жанрлар (французша genre – түр, тек, жанр) – ауызша және жазбаша жазылған көркем шығармалардың түрі. Шығарма жанры мазмұнына, құрылысына, композициясына және түріне қарай анықталады.
Шығарманың тақырыбы – көркем шығармаға негіз, арқау болған өмір құбылыстарының түйіні.
Шығарманың идеясы (грекше іdea – түсінік, елес, бейне) – шығарманы жазған автордың айтайын деген негізгі ойы.
Шығарманың мазмұны – шығарманың шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы.
Шығарманың пішіні – әдеби қаһармандардың өзара қарым-қатынасына, өміріне, тағдыр тартысына негізделген сюжеті, көркем шығарманың тілі.
Шығарманың түрі – шығарманың жанрына қарай анықталуы.
Шығармадағы тартыс (латынша – қақтығыс, айқас, кейде – алауыздық, талас) – өмірдегі қайшылықтардың шығармада берілуі.
Лиро-эпостық жырлар |
Батырлар жыры |
|
|
|
|
|
|
|
|
1. «Қыз Жібек» жырының неше нұсқасы бар?
2. Жырды зерттеуге үлес қосқан қандай ғалымдарды білесіңдер?
3. Қазақ мәдениетінде «Қыз Жібек» оқиғасының желісімен қандай өнер туындылары дүниеге келген? (Кино, опера, балет, көркемсурет т.б. бар ма?)
Айтысқа қатысқан кейіпкерлер |
Не туралы айтысты? |
|
1 |
|
|
2 |
|
|
1 |
|
|
2 |
|
|
Шығарманың сюжеті (французша – зат) – шығармада баяндалатын оқиғалар тізбегі.
Шығарманың фабуласы – шығармадағы тұтас оқиғалар мазмұнын қысқаша баяндау.
Шығарманың композициясы – шығарманың құрылымы.
Шығарма сюжетіндегі композицияның өрбу кезеңдері – шығармада баяндалатын оқиғалар тізбегінің рет-ретімен орналасу ерекшелігі.
Шығармадағы сюжеттің өрбу кезеңдеріне назар аударайық!

Қорыта айтқанда, шығарманың композициясы сюжет дамуын тәртіпке салып, реттеп, қиыннан қиыстырып тұрады.
Ал композициялық шеберлік шығармадағы баяндалатын барлық оқиғаларды (шығармадағы әрбір оқиғаны жеке-жеке бөлшек деп алатын болсақ, сол бөлшектерді) бір ғана бүтінге тұтастыру, бәрін бір ғана ұғым – негізгі идеяға бағындыру.
Композицияның құрамына сюжеттің кезең-кезеңдері ғана емес, сюжеттен тыс нәрселер де кіреді.
Біріншісі, пролог (грекше алғы сөз) – көркем шығармадағы кіріспенің бір түрі. Прологта кейде негізгі сюжетке дейінгі бірнеше оқиға баяндалады. Кейде бас кейіпкердің өткен өмірінен бірер көрініс беріледі, кейде автордың ой өзегінен аздаған сыр айтылады.
Екіншісі, эпилог (грекше соңғы сөз) – көркем шығарманы қорытудың бір түрі. Тартыс аяқталып, өзекті оқиғалар біткеннен соң, сюжеттік шешімнен кейін келіп, басты қаһармандардың одан арғы хал-күйінен қысқаша мәлімет береді де, сол арқылы автордың негізгі идеясын толықтырып, кейде тіпті тереңдете түседі.
Бұдан шығатын қорытынды: сюжеттің жаны мен жүрегі – тартыс, ал тартыстан сюжет құрап қалыптастыру – композиция.
«Қыз Жібек» жырының хрестоматиядағы нұсқасынан үзіндіні оқыңдар. Хрестоматияда жыр біршама толық түрде берілген. Жырдың сюжетіне назар аударыңдар. Жырда неше сюжет берілген? Олар бір-бірімен қалай байланысып тұр?
«Қыз Жібек» жырының үзіндісі бойынша жырдың көркемдігіне назар аударыңдар. Берілген тапсырмаларды мұқият орындаңдар.
Өзіңді-өзің бағала
«Рефлексиялық сұрақтар» әдісімен өзіңді-өзің бағала.
1. Мен тапсырманы қалай орындадым?
2. Не жақсы шықты?
3. Қай жерде жақсартуға болар еді?
4. Келесі жолы қандай әдісті қолданамын?