Параграф 1.1 (Қазақ әдебиеті. 7-сынып)

АЛҒЫ СӨЗ



      Қымбатты оқушылар, биылғы оқу жылында сөз өнерінің асыл үлгілерімен танысып, білім көкжиектеріңді кеңейтесіңдер.

      «Көнеден жеткен жәдігерлер» бөлімінде «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры, «Күлтегін» жыры, Жиембет, Қазтуған жыраулардың толғауларын оқисыңдар. Фольклор мен әдебиет тарихының озық үлгілері арқылы ұлттық құндылықтардың өміршеңдігін білетін боласыңдар.

       «Толғауы тоқсан қызыл тіл» бөлімінде Шортанбай жыраудың «Зар-заман», Сүйінбай ақынның «Сүйінбайдың Қатағанмен айтысы», Жамбыл Жабаевтың «Зілді бұйрық» шығармаларын талдау арқылы халық басынан өткен тарихи уақыттың куәсі боласыңдар.

       «Балалар мен үлкендер» бөлімінде Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын, Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесін, Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала», Сансызбай Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара» повестерін оқып, адам мен табиғат байланысы және адамдар арасындағы қарым-қатынастың көркемдік сипатына талдау жасайсыңдар.

       «Ұрпақ тәрбиесі» бөлімінде Мұхтар Шахановтың «Нарынқұм зауалы», Темірхан Медетбектің «Тәуелсізбін» өлеңдерін, Төлен Әбдіковтің «Қонақтар» әңгімесін, Александр Пушкиннің «Ескерткіш» өлеңін оқисыңдар. Әр көркем туындыны оқи отырып, оқырман ретінде жаңа биіктерді бағындырасыңдар.

Сендерге осы жолда сәттілік тілейміз!

Авторлар

Шартты белгілер

СӨЗ БАСЫ