Мұхтар Әуезов (1897–1961)
Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте Абай облысының Абай ауданында туған.
М. Әуезов –
жазушы, ғалым, абайтану ғылымының негізін қалаушы,
қоғам қайраткері.
М. Әуезов мұраcының аса қомақты бөлігі оның ғылыми зерттеулері. Ол қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклор жөнінде еңбектер жазды. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде М. Әуезов жиырмадан астам шетелде болды. Әлем халықтары оның «Абай жолы» роман-эпопеясын айрықша құбылыс ретінде таныды. Жазушы 1961 жылдың 27 маусымында Мәскеу қаласындағы ауруханада қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген. Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі, «Жетім», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Көксерек» әңгімелері, «Абай жолы» роман-эпопеясы, «Қарагөз», «Абай» трагедиялары және тағы да басқа көптеген прозалық, драмалық шығармалары бар.
М. Әуезов «Көксерек» әңгімесін 1928 жылы Ташкент қаласында тұрған кезінде жазған. Әңгіме алғаш рет 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналында жарық көрген.
«Көксерек» әңгімесінің жазылу тарихы туралы жазушының жұбайы Валентина Әуезова естелігінде: «Бірде мен қабырғаға 1929 жылдың күнтізбесін сатып алдым. Сол күнтізбе Мұхтардың жазу үстелінің тұсында ілулі тұратын еді. Сонда белгілі суретшінің салған суреті бар болатын – қасқыр, түн, қар жамылған меңіреу дала, сонау алыста көз ұшында қар басқан кішкентай ауылдың оттары көрінеді. Ең алдыңғы қатарда түнде жортқан қасқыр тұр. Міне, сол сурет Мұхтар Әуезовтің сонау жас бала кезінде кәнігі аңшылардан естіген әңгімелерін еске түсірген болу керек, енді, міне, күн сайын көз алдынан сол суреттегі көрініс кетпеген Мұхтар өзінің «Көксерек» әңгімесін жазған болатын», – деп жазған.

Нұрасыл, табиғат пен адам арасындағы нәзік те тылсым байланысты бейнелеуге арналған қандай шығармаларды білесің?
Ғалым пікірі
Әуезовтің «Көксерегі» – реалистік әдебиет дәстүрі тудырған мотивтерді, шеберлік палитрасындағы сан алуан бояулар мүмкіндігін өз мұратына орай өнерпаздықпен жаңғырту арқылы жазылған жаңа тынысты шығарма. Автор шағын көлемге мол мағына сыйдырған. Бейнелеп отырған болмыстың қыр-сырларын бажайлай таныған суреткер зады ежіктеуден, мыжыма тәптіштеуден бойын аулақ салып, жинақылыққа, тамшы арқылы көл суретін, тас арқылы тау кеспірін елестетуді эстетикалық мұрат тұтқан.
Рымғали Нұрғали
Ләйлә, менің ойымша, табиғат пен адам арасындағы рухани байланыс туралы шығармалар адамзат пайда болған заманнан бар. Біз білетін мифтік шығармалар мен ертегілердегі, аңыз әңгімелердегі көптеген көркем образдар адам мен табиғат қарым-қатынасын білдіреді.
Иә, дұрыс айтасың, жанрлық түр жағынан миф, аңыз, ертегілердің жалғасы болып келетін әңгімелерде де жазушылар табиғат пен адам арасындағы байланысты көркем суреттейді.
Қазақ әдебиетіндегі сондай көркем шығармалардың бірі – Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі. «Көксерек» әңгімесінің сюжетіне байланысты түсірілген көркем фильм де бар.
1-тапсырма. Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы шағын зерттеу жүргізіңдер. Зерттеуде мынадай мәселелерге назар аударыңдар:
1. Мұхтар Әуезовтің қандай шығармалары бар?
2. Жазушының Абай өміріне байланысты жазған еңбектерін атаңдар.
3. Мұхтар Әуезов шығармаларының желісімен қандай спектакльдер қойылып, көркем фильмдер түсірілді?
№ |
Алынған пікір мен жазушы туралы айтылған сөзден үзінді |
Пікір білдіруші |
1 |
|
|
2 |
|
|
Әңгiме – оқиғаны баяндап айтуға негiзделетiн, қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма. Әңгiмеде әдетте бас-аяғы жинақы, тиянақты бiр оқиға айтылады. Онда алдымен адам, оның өмiрi мен тағдыры көрiнуi тиiс. Аса маңызды деген оқиға суреттелуi керек. Кейiпкерлер көп болмайды.
Нұрасыл, сен әңгіме эпос жанрының шағын көлемді түрі болғандықтан, онда айтылатын оқиға да, кейіпкер де жан-жақты сипатталатынын білесің бе? Жазушы кейіпкер бейнесін ашуда, шығарманың идеясын беруде пейзаж, тура және жанама мінездеме беру сияқты әдістерді қолданады.
Дұрыс айтасың, Ләйлә. Пейзаж дегеніміз табиғат суреті. Жазушы табиғат суреті арқылы алда болатын оқиғадан хабар береді. «Көксерек» әңгімесіндегі табиғат суретіне назар аударсақ, жазушы осы әдісті ұтымды қолданғанын байқаймыз.
Мінездеу – әдеби кейіпкерді таным-түсінігі мен мінез-құлқын таныта даралай суреттеу. Тура мінездеу кейіпкердің мінез-құлқын айнытпай, сол қалпында баяндаса, жанама мінездеу оған қатысты құбылыстар мен заттарды суреттеу арқылы кейіпкер бейнесін ашып көрсетеді.
Осыған байланысты портреттік, психологиялық және сөйлесудегі мінездеу деген топтарға жіктеледі. Көксеректің тағылық мінезін жазушы тура мінездеу арқылы өте жақсы көрсеткен.
3-тапсырма. Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінің толық мәтінін хрестоматиядан оқыңдар. Әңгіме не себепті «Көксерек» деп аталғанына назар аударыңдар.
Өзіңді-өзің бағала
