Параграф 5.10 (Қазақ әдебиеті. 7-сынып)

СӨЗ СОҢЫ

Сөз соңы

Оқу жылының соңы да келіп жетті. Биыл да жаңа шығармалармен таныстық.

Дұрыс айтасың, Нұрасыл! Лиро-эпостық жанрда «Қыз Жібек» жырымен және көне ескерткішіміз «Күлтегін» жырын оқыдық.

Жыраулар поэзиясын, айтыс үлгісін білдік.

Жамбыл Жабаевтың шығармасын оқығанда ХХ ғасырдың бас кезіндегі сұрапыл тарихи кезең оқиғалары туралы білдік.

Мағжан атамыздың тарихи шығармасын оқып, елдік пен ұлттық намыстың бәрінен биік тұратынына көз жеткіздік.

Табиғат пен адамзат арасындағы тылсым байланыстың берілу ерекшелігін «Көксерек» шығармасынан оқыдық.

Қасым Қайсеновтің шығармасы арқылы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанкешті оқиғалармен таныстық. Ләйлә, біздің ата-бабаларымыз қаншама қиындықты бастан кешкен.

Дұрыс айтасың, Нұрасыл! Тарих толқынындағы талай қиыншылықтарға толы жылдар жетегіндегі оқиғалар бізді көркем әдебиеттің әлеміне шақырып қана қоймай, тарихымызды да жете тануға жетеледі.

«Тәмпіш қарадағы» Шаншатайдың үлгілі іс-әрекеттері ойландырды. «Нарынқұм зауалы» Махамбет бейнесін жадымызда жаңғыртты. Темірхан Медетбектің «Тәуелсізбін» шығармасын оқыдық. А. С. Пушкиннің шығармасын оқығанда «Жабықпа жәбірлеуден, тілеме атақ, Мақтауды жаламенен тыңда салқын ...» деген жолдарын ойыма сақтап алдым.

Мені «Қонақтар» әңгімесі терең ойға қалдырды. Қандай уақыт болса да, біз өзіміздің туған тіліміз – қазақ тілі мен төл мәдениетіміз, салт-дәстүрімізді, әдебиетімізді қадірлеп, өзімізден кейінгі буынға түсіндіре білуіміз керек.

Жаңа оқу жылында кездескенше, Ләйлә!

Рақмет, Нұрасыл! Жазғы демалыс уақытында көркем әдебиеттер көп оқуыңа тілектеспін!