Параграф 4.1 (Қазақ әдебиеті. 7-сынып)

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ (1893–1938)

Мағжан Жұмабаев – қазақ халқының ақыны. Ол 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1937 жылдың аяғында ұсталып, 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесілді.

Мағжан Жұмабаев – қазақ романтикалық лирикасының дамуына зор үлес қосқан ақын. Өз өлеңдерінде қазақ арасындағы әртүрлі келеңсіз мінез-құлықты, әрекетсіздік пен жалқаулықты, сауатсыздықты сынайды. Елін білім алуға, өнер үйренуге шақырады. «Жазғы таң», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Қазағым» т.б. өлеңдерінде ақын осы тақырыпты көтереді.

Ақын лирикалық өлеңдермен қатар бірнеше көркем поэмалар жазған. «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баян», «Қорқыт» т.б. поэмалары ақын талантының ерекше қырын танытады.

1923 жылы Ташкентте «Педагогика» атты кітап шығарды. 1928 жылы Мәскеуде төменгі сынып шәкірттеріне арналған «Сауатты бол» атты оқулығы жарық көреді.

  • 1893
  • 1905-1910
  • 1910-1913
  • 1919-1923
  • 1938
  • Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданында дүниеге келген.
  • Қызылжарда ашылған медреседе оқыды.
  • Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алады.
  • Газет-журналдарда қызмет атқарып, халық ағарту жұмыстарына белсене қатысады.
  • «Халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесіледі.

«Педагогика» атты кітабын 1923 жылы Ташкентте басып шығарады.

«Сауатты бол» оқулығы 1928 жылы Уфа қаласында басылып шықты.

Ақын «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт» поэмаларын жазған.

Нұрасыл, біз қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы білдік. Енді ақынның «Батыр Баян» поэмасымен танысамыз. Поэма тарихи тақырыпқа жазылған. Себебі Баян деген қазақ батыры өмірде болған. Баян батырдың қазақ-қалмақ соғысы кезінде ерлік көрсеткені де тарихтан белгілі. Мағжан Жұмабаев батырдың өмірінің соңғы кезеңіндегі оқиғаны суреттейді.

Дұрыс айтасың, Ләйлә, олай болса, алдымен, поэма жанрының ерекшелігіне назар аударайық.

Поэма – оқиғаны өлеңмен баяндап айтатын, жыр-толғау түріндегі шығарма. Грек тілінде «роіеmа» – туынды, шығарма деген мағынаны білдіреді. Сюжетті оқиға желісін ширақ өрістетіп, кейіпкерлердің іс-әрекетін бейнелеуге негізделеді, ал сюжетсіз поэмада лирикалық сарын басым болады, көлемі жағынан шағындау келеді. Олардың баяндау тәсілі, кейіпкерлер бейнесін суреттеу өзгешелігі де ауыз әдебиеті дәстүрлерімен тығыз байланысты.

4-тапсырма. Балалар, поэманың толық нұсқасын хрестоматиядан оқып, ақын жазған негізгі оқиғаның идеясына мән беріп, көркемдігіне назар аударыңдар.