Шартты белгілер:
Жаңа ақпарат – тақырыптағы жаңа мәліметті оқу
Рефлексия – сабақтан алған әсер, ұсыныс
Бағалау – сабақты бағалау
Бейнероликті көр – тақырыпқа қатысты бейнематериал
Орында – тапсырма, дамыту тапсырмалары
Жасап көр – қолдану, компьютермен жұмыс
Жетекші сұрақтар - ой қозғау сұрақтары
Зейін аудар – пайдалы кеңес
Есіңе сақта – ережелер, маңызды ақпарат
Қызықты ақпарат – оқиғалар
Өзіңді тексер – білу, түсіну
Ой бөлісейік – ізденушілік, зерттеу тапсырмалары
Қымбатты оқушы, сен өзіңе таныс «Цифрлық сауаттылық» пәнін әрі қарай жалғастырып оқитын боласың. Төменгі сыныпта оқыған біліміңді тереңінен бойлап, алдағы сабақтарда дамыта бересің.
Бұл пән – «Программалау», «Робототехника. Лабиринт және кегль-ринг», «Видео жасау», «Презентациялар» және «Болашақтың компьютерлері» атты бөлімдерден тұрады.
Пәнді оқу барысында:
Scratch программалау ортасында айнымалыларды, логикалық және салыстыру операторларын қолдануды үйреніп, өз ойыныңды жасап көресің. LEGO Mindstorms EV3-те түс пен ультрадыбыс датчиктерін қолдануды және конструктор арқылы кегль-ринг, бағдаршам-роботын жасайсың. Видеоредакторда түрлі материалдарды кірістіру арқылы видео жасап, оны өңдеуді үйренесің. Браузер көмегімен интернеттен ақпаратты іздеп, өз презентацияңда қолдана аласың. Электронды оқулық мәтінін тек оқып қана қоймай, бейнематериалдарды көріп, аудиоматериалдарды тыңдайсың. Қызықты интерактивті тапсырмаларды орындайсың.
Жас дос, ұсынылып отырған «Цифрлық сауаттылық» пәні сенің болашағыңа үлкен жол ашады.
Авторлар ұжымы